Қыз қуу
Қауымды қаумалаған сара жарып,
Екі жас шықты оңаша дараланып.
Қиянға алып ұшқан қиялдары
Желпінді сыймай мынау далаға алып.
̶ Кәнеки, бастаңдар, ̶ деп, ̶ тез жарысты,
Қопаңдап, көп көрермен қозғалысты.
Ерендер елемей қоймай өзгелерді
Өзара әзіл тастап, сөз қағысты.
̶ Қамыңды ойладың ба, бас қатырып,
Ат емес мінгендейсің басқа түлік.
Алдында жиын-топтың масқаралап,
Жүрмейін жон арқаңнан таспа тіліп...
Деді де қыз жігітке сынай қарап,
Танытпай тұрды жылы шырай-қабақ...
̶ Тәуекел, ̶ деді жігіт, ̶ не көрсем де
Өзіңсің таңдағаным құлай қалап.
Орғыған астындағы керге сеніп,
Қыз кетті қос бұрымын жел көтеріп,
Жігіт те аршын төсін ашып тастап,
Ұмтылды доғадай боп ерге төніп.
̶ Қыз емес,
Нағыз арман анау кеткен,
Бол, кәне, жанасала жарау көкпен!..
Көпшілік қиқулайды, қызық еді
Махаббат жарысына қарау неткен!?
Құшуға құштарланып қалаулы айды,
Жанары бозбаланың алаулайды.
Жер төсін пергілеген төрт тұяқтың,
Соңында шұбатылып шаң аунайды.
Ер екен, қуып әне жетті барып,
Білегі ̶ қыз мойнында от бұғалық.
Сыбырлап:
̶ Сәулем, деген сырлы үні
Сұлудың жүрегіне жетті дарып.
Кетті ме сол бір сөзден жанып үміт,
Қайтарда жетсе дағы салып ұрып.
Қамшысын құрбысына сілтей алмай
Бойжеткен дел-сал болды әлі құрып.
Жанарлар елти қадап сұғын-отын,
Биязы төрешінің үні де тым.
Егескен екі жасты елжіреткен
Қойсайшы, ғашықтықтың құдіретін?..