ҰЛЫ ЗАҢ ШАРАПАТЫ
Әжем айтады:
̶ Істедік қой жұмысты біз еңсере,
Қағаз жазып, отырдық та кеңседе.
Сонау жылы,
Сұм соғыстың кезінде
Егін салып,
Мал да бақтық белсене.
Бақша күтіп,
Тердік алма, жүзімін,
Айта берсем тауыса алман тізімін.
Енді міне қартайғанда өмірдің
Демалумен тойлап жүрмін қызығын.
Атам айтады:
̶ Әр үйде мол ̶ дастарханның бай асы,
Ерекше ғой замананың саясы,
Басымызға бұл бақытты орнатқан,
Айналайын Алтын заңның аясы.
Досым айтады:
̶ Тер төленіп, жанды менің еңбегім,
Абыройдың биігіне өрледім.
Шопан, әрі депутатпын
Қалаулы,
Омырауда жарқырайды орденім.
Жеңгем айтады:
̶ Балаларым келеді өсіп көк өрім,
Орындалды ойға алғаным,
Дегенім.
Мақтанамын,
Әлемге үлгі еліміз
Әлдилеген ұрпақтарын,
Өренін.
Мектеп барса дайын класс, партасы,
Жаюлы тұр білімнің зор картасы.
Аңдап тұрсақ,
Барлығы да осының
Алтын заңның,
Партияның арқасы.
Мен айтамын:
̶ Иә, бүгін дала думан,
Қала шат,
Біздің дәуір ̶ жомарт вахта,
Сара шақ.
Адамдардың ізгі ойы іске асты,
Билік құрып ақыл менен парасат.
Жарасымды айналаға қарасақ,
Жолдас, туыс, достық деген бар атақ.
Ардақтайды азаматтың барлығын
Ұлы заңнан тараған мол шарапат.