17.09.2022
  134


Автор: Ақылбек Манабаев

ЧИВАРАНЫҢ ЕРЛІГІ ТУРАЛЫ АҢЫЗ

Қағылғандай асфальт жолға шеге көп,
Сылбыр жауын тыным таппай себелеп,
Мазасыз жел сары масадай ызыңдап,
Бетке ызғар қадалады кене боп.
Жартастардай биік үйлер сұрланып,
Терезенің сәулелері дір қағып.
Тұнжыр түннің құшағына тығылған
Заводтардың мұржалары ұрланып.
Құрсаулаған қара бұлттың түнегі,
Сентябрьдің сүреңсіз бір түні еді.
Көкілдеген көктің барқыт көйлегін
Оттың алтын саусақтары түреді.
Бадырақ көз машиналар көсіліп,
Адам – толқын, лықсып аққан жосылып.
Жапа шегіп үрейленген жанарлар
Жан-жағына жалтақтайды шошынып.
Кеуделерін пандық кере бұлғақтап,
Қаруланған полицейлер жүр қаптап.
Қалт еткізбей қадалып әр қадамға,
Қия басса жібереді бір даттап.
Сезіктіні алдыға сап айдайды,
Қарсыласқан жер құшады, жайрайды.
Дарқан жанды дар ағашқа жем қылып,
Жаз ғұмырды жалғыз оққа байлайды.
Жауыздар-ай, жалмаң қаққан құлшынып,
Олар үшін ойыншық – бал тіршілік.
Осы сұрқай көріністен көз алмай,
Чивара тұр бір бұрышта түршігіп.
Өңі жүдеу, тым жұпыны киінген,
Ыза буып, қатулана күйінген.
Жанарында жарқ-жұрқ етіп кек оты,
Тастай болып жұдырығы түйілген.
Үш күн болды, үйдің бетін көрмеді,
Тыным таппай көше кезу «ермегі».
Үш күн болды, нәр татқан жоқ, аштықтан
Өзегі де талып, әбден шөлдеді.
Үш күн болды, кітап бетін ашпады,
Мойынына сумкасын да аспады.
Сағынса да парталасын, достарын,
Үш күн болды, мектеп маңын баспады.
Кластары қазір түрме – казарма,
Айналыпты адам жұтқыш тажалға.
Ұстаздарын хунталық бас кесерлер
Көз алдында «аттандырған ажалға».
Үш күн болды, айқасқан жоқ кірпігі,
Қайғы жеңіп, ұмытты ойын-күлкіні.
Үш күн болды, ата-анасын іздеумен
Қаланың бар қалтарысын тінтіді.
Табам, деген тәтті үміті үзілді,
Шым-шытырық – нәресте ойы бұзылды.
Жаңа ғана қан жұққан лас қабырға
Көз алдына тосты сұмдық тізімді.
«Қарсы шығып хунтаның заң-жолына,
Бүлікшілер қару алған қолына
Тобыменен түгел дарға асылды»
Деген сөздер жазылыпты соңына.
Альенда үкіметін жақтаған,
Адамдар бұл, ар-намысын сатпаған.
Адамдар бұл, қасық қаны қалғанша,
Айнымасқа берген антын сақтаған.
Өксіді ол өрт күйдіріп төзімін,
Қайғы зілі жаншыды пәк сезімін.
Ер жүрек сол күрескерлер сапында
Құрбан бопты ата-анасы өзінің.
Көкіректен кек оянып жар сала,
Балғын жанын қасіретке малса дағ
Сыр алдырмай шыдады ол,
Панасыз
Тентіреген жетімектер қаншама?..
Сәби қиял балапандай талпынды,
Шандоз ойлар шар тарапқа шарқ ұрды.
Қаршадайдан қанық еді Тимур мен
Трубачевтың1
ерлігіне сан қырлы.
Көкейдегі оқиғалар не түрлі,
Жанарына жаңғырығы жосылды.
Советтік сол пионерлер секілді,
Бұл да жаудан кек алуға бекінді.
Болғанша азат мынау туған өлкесі,
Жендеттердің қиылғанша желкесі,
Отан атын ту ғып ұстап биікке,
Күреседі,
Бұзылмайтын серті осы!
Күді-күшік өшті бұғып, қансырап,
Асау тұлпар – тәуекелді қамшылап
Тұрғанында, шеттегі үйді өрт орап,
Апыр-топыр болып кетті қарсы жақ.
Ауды солай көпшіліктің назары,
Сола қапты бәрінің де ажары.
Әлдекімге аяушылық білдіре
Үрейленген естілді үндер назалы.
Сұр қоңыздай сүйкенісе үймелеп,
Бажылдайды машиналар күйгелек.
Қолтығында суреті бар полицей
Келе жатыр жұртты тілдеп, кимелеп.
Жалбырына жеткен қартты өтініп,
Сұмпайы екен,
Сұлатты ұрып,
Жекіріп.
– Қасиетті қазынамды қайтар, - деп.
Жер құшақтап қалды байқұс өкіріп.
Бала жүрек тітіркене ашынды,
Кірпігіне мөлдір тамшы асылды.
Суреттегі күн дидарлы көсемнің
Таныс өңі көзіне оттай басылды.
Келбетінен тұратұғын таң күліп,
Бұл адамды сүйген еді ол мәңгілік.
Жастайынан Ильич жайлы жыр жаттап,
Ұлы есімді шырқап өскен ән қылып.
Әкесі де:
– Кемеңгер жан,
Ол дана,
Еңбекші елге бақыт берген сол ғана.
Ленин бүкіл адамзаттың қорғаны, -
Деп елжіреп отыратын толғана.
Қам жасамай сәл кешіксе ана дәу,
Шімірікпей отқа апарып салады-ау...
Деген бір ой найзағайдай жарқ етіп,
Астан-кестен болып кетті жаны алау.
Қайрат-күшін бойға жиып ақырғы,
Арыстандай алға ұмтылып, атылды.
Жау қолынан портретті ап қашты,
Ұстай алмай қалды бәрі батырды.
Ізгілікпен сусындатып санасын,
Қастерлеген ойдың алып данасын.
Шын жүректен сүйсінгендер қорғады
Жұмысшының жұдырықтай баласын...
Қайда бастап әкетті оны қойны,
Әлі жұмбақ, ешкім анық білмейді.
Ол жайында хикая көп тараған,
Дұшпаны:
«Өлді»,
Достары:
«Аман жүр», - дейді.
Ақпар емес мұның бәрі нағыз дәл,
Айтылады мынадай да аңыздар:
– Жорықтарда жолбарыстай Чивара
Шынығыпты, бастан кешіп сан ызғар...
– Күрескерлер тобын бастап
Орманға
Бекініпті, баспайды жау ол маңға.
Кезі келсе кек қайтармақ, - десетін
Ел аузына ілініпті болжам да.
Лагерьлерде болып талай дүрбелең,
Сан мың адам құтқарылды түрмеден.
Полиция тіміскілеп басқа да,
«Кінәлілер» кім екенін білмеген.
Табамыз, деп кезіп орман, тау-шыңды,
Тентіреумен табанынан таусылды.
Қан қаптырып халықтың ер ұланы,
Қалтыратты қаныпезер жау сұмды.
Кейбір зұлым генералдар құшып оқ,
Жайпады көп казарманың ішін от.
Таратты жұрт:
– Мұның бәрі табанды
Чиварадай кекшілдердің ісі, - деп.
Газеттерде тынбай жазды ол хақында,
Тілеулестер көбейді жас батырға.
Бала басын саф алтынға балаған,
Жарнамалар пайда болды жақында.
Пиночеттей
абжыланның ысқырған,
Жан болмады, мұнысына пысқырған...
Өріс алып, өршіп лаулап барады
Өшпес жалын жаралған от-ұшқыннан!!!
Қалт-қалт етіп күйкі тірлік шырағы,
Сантьягоны тұмшалап тұр түн әлі.
Сан сүйекті сырқыратар зарлы үндер,
Толастамай құлағыңа ұрады.
Сағат сайын туындайды мың сұмдық,
Ертегі емес, егілетін бұл шындық.
Соны еске алсам жаралайды жанымды,
Жүрегіме қар қанжар – мұң сүңгіп...
Мақтан еткен Неруданың өлеңін,
Мәпелеген Корваландай өренін.
Чиварадай ұл өсірген ұлы елде,
Таң жарқырап атарына сенемін!





Пікір жазу