ЖАРАЛЫ ДОМБЫРА
Көпшіл еді қарт көршіміз Аяған,
Жас шамасы жетпістерге таяған.
Өнері бар түйін түйер ағаштан
Дес бермейтін, сөзге тағы бай адам.
Әңгіме айтса бал тамызып тілінен,
Отыруға жалықпайды түнімен.
Жаздың жұмсақ самалындай жағымды
Саз есетін майда домбырасын ілулі.
– Көптеген бері төрімде тұр шертілмей,
(Болған еді өмірімнің көркіндей).
Домбырама түскен сол бір жарақат,
Менің мәңгі айықпайтын дертім ғой... –
Деп толғанып, ширыға әрі түйіліп,
Өткен жайды есіне алды күйініп.
– Байқайсың ба, мынау қара сызатты,
Оның сырын толғау маған қиын, ұқ.
Әйтсе-дағы тарқайтын шерді бір,
Сұм соғыстан қалған қанды белгі бұл.
Қырық бірінші жылы біздің ауыл да
Жауыздардың әлегінен болды ығыр.
Балға орнына қару ұстар жетті шақ,
(Қас дұшпанға қайраулы іште кек-пышақ).
Алғы шепке аттандырып салды да
Қалды жылап жас бала жар – от құшақ.
Домбырамды біткен жаңа сырланып,
Өзімменен кеттім жолға бірге алып.
Талас шақта сағынышты саз шертіп,
Қос ішекті сергитінмін, бір қағып.
Жүрдік солай күндіз-түні от кешіп,
Айқасқа да түстік жаумен беттесіп.
Кезекті бір шабуылдың кезінде
Жаралады күшпен үлкен жорық бастады-ай...
Гитлерді үмітінен ада ғып,
Жер астына – тар көріне қамадық.
Асқақтаған аспанына Берлиннің,
Желбіретіп жеңіс туын қададық.
Елге оралдың қайта күн құтты,
Жұртқа жырлап бердім барлық шындықты.
Домбырамды жөндеп ілдім төріме,
Паш етсін деп соғыс салған сұмдықты,
Шешен емес,
Ақауы көп үнінде,
Жалғыз қалсам,
Сырласым ол бүгінде,
Адам түгіл,
Бұл соғыс па,
Бұл соғыс
Кесіп, құртпақ болды-ау күйдің тілін де... –
Күрсінді ол,
Күңгірт тартып жанары,
Кірпігінде тамшы дір-дір қағады.
Қос ішекті сипап өтті жай ғана,
Еті қашқан саусағымен салалы,
Сонан соң қарт қалды үнсіз шалқалап,
Дедім іштей:
Жан екен ғой дарқан-ақ,
Адам түгіл, домбырасын – серігін
Өртке бермей алып келген арқалап!..»