17.09.2022
  78


Автор: Ақылбек Манабаев

ДӘН ТУРАЛЫ БАЛЛАДА

1
Бала кезім,
Ат қып мініп шыбықты,
Шапқылаумен денем әбден шынықты.
Жалықпастан кететінмін аралап,
Шатқалдағы қалың тоғай-шілікті.
Тамам бала аптаптарда қапырық,
Ойнайтынбыз көк толқынды сапырып.
Қырқалардың гүлін теріп қайтушы ем,
Ұзақ күнді ұясына батырып.
Еркелетіп бетке қақпай өсірген,
Тентектігім болса үнсіз кешірген,
Әсте аш шақырмайтын атамның
Жарқын жүзі кетпейді әлі есімнен.
Ақ сақалын сипап қойып жарықтық,
Отыратын әңгімеге қарық қып.
Айтқандарын тоқитын көңілге,
Ажырата алсам да танып түк.
2
Бірде екеуміз келе жаттық аяңдап,
Жол үстінде қайта-қайта аялдап.
Бір әңгіме бастады атам толғана,
Жалындаған жастық шағын баяндап.
Кенеттен ол:
– Байқашы, ей, сапалақ! –
Деп ақырды.
Сарт етті кеп шапалақ.
Жайдары өңі сала берді түнеріп,
Шөліркеген жандай бейне қаталап.
Асып-тасқан қуанышым қашты да,
Мөлт-мөлт етті кірпігіме жас тұна.
Сұқ қолымен жерді нұсқап бұйырып,
– Үңіл! – деді аяғыңның астына!
Ақшыл жүзі сұрланыпты нұр тамған,
От шашады жанарынан бұқаған.
Ештеңеге түсіне алмай қарасам,
Аяқ асты шашылыпты бір қап дән.
Не істерге білмей мүлде дал ұрып,
Тапжылмастан қатып қалдым аңырып.
Назарымды аудармадым атамнан,
Қалт жібермей қимылына бағынып.
Оқты көзін жалт еткізіп күйініп,
Еңкіш белі бүкірейе иіліп,
Дәнді уыстап жерден алып еппенен,
– Жассың әлі, түсінбейсің түк, балам,
Өміріңнің биігі алда шықпаған.
Сен баспаған көп қой соны соқпақтар,
Жұмбақ сырың толып жатыр ұқпаған.
Қасиетін білген жанға мына дән,
Қымбат барлық алтын-күміс мұрадан.
Өмірінің арқауы етіп аялап,
Бейнеттеніп өсіреді мұны адам.
Дән бар жерде мерекелі тірлік бар,
Қасиетті бір қағида бұл құптар.
Ғұмыр бойы талып өткен өзегі,
Дәнге зар боп талай-талай мұңлықтар...
Шапалағым болсын мәңгі тағылым,
Қателікті қайталама, жан ұлым,
Қасиетті деп таныған халқымыз
Асылдардың білу керек қадірін!!!
* * *
Ер жеттім мен, озды уақыт көші де,
Ел көркейіп, артты шалқып несібе.
Жерде жатқан дәнді көрсем, атамның
Өсиеті оралады есіме.





Пікір жазу