17.09.2022
  139


Автор: Ақылбек Манабаев

КӨБЕЛЕК

Есіңде ме,
Көрікті бір көктемде,
Ауылымыз қатар қонды бөктерге.
Ойнау үшін,
Барлық бала бас қосып
Асыр салдық,
Көтерілдік көк белге.
Жарысумен шығып қырдың жонына,
Аунап жаттық көк шалғынға –
Соныға.
Басқалардан бөлектеніп екеуіміз,
Түсіп кеттік көбелектің соңына.
Шаршадың сен,
Мен де әбден терледім,
Күдер үзіп,
Бұртиып қол сермедің.
Намысыма қамшы білеп,
- Қиналма!
Мен бармын ғой,
Ұстап берем мен, - дедім.
Соны айттым да
Алға ентелей жүгірдім,
Аяғымды тасқа соқтым,
Жығылдым.
Менің әрбір қимылымнан көз алмай,
Үміттеніп тұрғаныңды ұғындым.
Ұғындым да,
Іштен тынып, қысылдым,
Сарқып бәрін бойда қалған күшімнің,
Тағы ұмтылдым,
Қоймай жүріп
Ақыры
Көбелекті ұстап,
Саған ұсындым.
Жұқа ернің бейне оймақтан,
Мәз болдың кеп,
Ақ жүзіңе ойнап қан.
...Көкейімнен кетпейді сол көбелек
Таныстықтың тойын алғаш тойлатқан...





Пікір жазу