17.09.2022
  141


Автор: Ақылбек Манабаев

Желмен сырласу

Жамылып жазық, тау сағым,
Төбемнен жанып ауса күн,
Жай тапқан жаным, о, самал,
Сипап бір жұмсақ саусағың.
Тереңде тұнған асылды,
Сағыныш сеңдей сапырды,
Жерлеген сол бір сәтте де
Алғашқы махаббатымды.
Сенделтпей сері сезімді,
Серік қып темір төзімді,
Сенімен ған мұңдасқам,
Сел жуып екі көзімді.
Кеудемді кернеп бір жасын,
Ашқанда есік сырға шын.
Күбірлеп келіп аузыма,
Салған да сенсің жыр басын.
Мен сүйген кербез керімнің
Бұрымы болып өрілдің.
Естіп ең елти, елжіреп,
Шөпілін егіз еріннің.
Бусанған мынау, бөрте бел,
О, сезімтал, ерке жел,
Жапырақтарды гитар ғып,
Жастықтың күйін шерте бер.





Пікір жазу