17.09.2022
  150


Автор: Ақылбек Манабаев

Қыран

Мұнарлы таудан әрі аспай.
Жүрді де тінтіп жондарды,
Қырағы көзі адаспай,
Қиядан шалды көкжалды.
Аңдарды қуып даладан,
Қылғыған талай қыршынды,
Балапанын талаған
Танушы еді бұл сұмды.
Қанатын сілке, қомданып,
Қос жанары – от жайнап,
Ашуы қозып, долданып,
Кеудеге сыймай кек қайнап.
Кенеттен,
Жебе сияқты
Түйіліп төмен алды бет.
Қанжардай өткір тұяқты,
Қарш еткізіп салды кеп.
Жыртқышты жығып,
Шеңгелдей,
Желкеден бүре жұмарлап,
Ата жауын жеңгендей
Астына басты нығарлап.
Жеңді де жауын бұқтырып,
Самғады еркін,
Еңсе тік.
Әлемге асқақ мықтылық,
Жүргендей өзін көрсетіп.
Кезенсе кегін алатын,
Жүріп-ақ шалғай шығанда,
Шайқасқа дара щабатын.
Рухы бар ердің қыранда!





Пікір жазу