17.09.2022
148
БАҚЫТ ТУРАЛЫ ЖЫР
Бақыт деген өзіңді құлай сүйген бір сұлу,
Жүздескенше асық боп, оңашада күрсіну.
Бақыт деген аңсаған арманыңды құшақтап,
Қуанышқа кенеліп, шер-құмардан бір шығу.
Бақыт деген қиыспас жаны жарқын дос қалың,
Бірге отырып солармен көтеріскен тостарың.
Бақыт деген бал үміт, ертеңді ойлап елжіреу,
Әр сағаттан, әр таңнан ынтызар боп тосқаның.
Бақыт деген таза ауа, туған елдің жер-суы
Оған іңкәр жүректің жиі ұрып, толқуы.
Бақыт деген өнермен, білімменен сусындап,
Майданында еңбектің маңдайыңның тершуі.
Бақыт деген баптаған жемісіңнің өнуі,
Ақ ниетті жандарға маңайыңның толуы.
Бақыт мынау өмірде біреулерді сен жоқтап,
Өзіңді де іздейтін адамдардың болуы...