17.09.2022
  173


Автор: Ақылбек Манабаев

ТЫНЫШТЫҚ КЕРЕК

Асқарға ұмтылып ертерек,
Арманға жол ашу үшін,
Өз ортаңа еркелеп,
Аяқты алшаң басу үшін
Тыныштық керек.
Шаттыққы көңіл тойдырып,
Шарықтап бір тасу үшін,
Шар тарапқа той қылып,
Шалқытып үлгі шашу үшін
Тыныштық керек,
Жетегіне сезімнің
Серілік құрып еру үшін,
Бал-шырынын сөзіңнің
Басқаға бөліп беру үшін
Тыныштық керек.
Артылған сенімді ақтап,
Айтқан сертте тұру үшін,
Жақсылық төріңді аттап,
Жарқылдап күлу үшін
Тыныштық керек.
Мақсатына дүбірлі
Мәңгілік жету үшін.
Аққудай егіз ғұмырды
Ән қылып өту үшін
Тыныштық керек.
Жанарлардың мөлдіреп,
Тұнып тұруы үшін,
Досыңның елжіреп,
Сыр ұқтыруы үшін
Тыныштық керек.
Бесіктегі бөбектің
Мезгілсіз жыламауы үшін,
Жайқалған теректің
Мертігіп, құламауы үшін
Тыныштық керек.
Албырт жүректердің
Алаңсыз тынығуы үшін,
Арда өскен білектердің
Ат жалын тартып, шынығуы үшін
Тыныштық керек.
Жұлдызды жарасқандардың
Жұптарын жазбауы үшін
Тыныштық керек.
Адамдық пен адалдықты
Ту ғып биік тігу үшін,
Арамдық пен надандықты
Жермен жексен қылу үшін
Тыныштық керек!





Пікір жазу