17.09.2022
118
Түсіп жатыр...
Түсіп жатыр,
Ұшып жатыр
Аппақ қар,
Секілді бір жел көтерген бақ-бақтар.
Қалғып кеткен қариядай мүлгиді,
Ақ мақтамен бұтақ-мұртын қаптап тал.
Жұмыртқадай жұмыр шыңның басы да,
Ақпайды өзен бұрынғыдай асыға.
Қыс - әжесі күміс тарақ қадапты
Шырша - қыздың қалың бұйра шашына.
Терезені қырау-өрнек құрсаулап,
Жылтылдайды ұсақ тозан - нұр саулап.
Жанарыма қалай сыйып тұр менің
Ақ дүние,
Аппақ дала,
Мұнша аумақ!