17.09.2022
  141


Автор: Ақылбек Манабаев

ЖУСАН ИІСІ

Жондағы боз жусанның құлын жалды,
Бұрқыраған иісі мұрын жарды.
Былтыр келіп қайтып ем шала мас боп,
Сол құмарым, шіркін-ай, бүгін қанды.
Шайыры ма әжемнің ақ шашының,
Қаңсығы ма атамның шақшасының,
Қышқылы ма қымыз бен қымыранның,
Буы ма әлде қазақтың жақсы асының?
Соны иіскеп:
Бүгілгенде қасіреттен,
Бабамыздың, - дейді, - көзінің жасы кепкен.
Меніңше, бірді емес, ол бәрімізді
Сайын дала сазына ғашық еткен.
О, досым,
Ауылыңа түйіспей жол,
Әкетсе қиыр тартып қиыс кейде ол,
Кез келген жотасына сахараңның
Ауна да боз жусанын иіскей бер...





Пікір жазу