АБАЙ МУЗЕЙІНДЕ
Абай басқан қасиетті баспалдақ,
Аңдап жүріп, келсем еппен аспандап.
Қиялымды шарықтатып барады
Шығатындай мені зәулім асқарға ап.
Жоғарыға көтеріліп, ентігіп,
Біраз тұрдым ойға шомып, желпініп.
Кең бөлмені келем, міне, аралап,
Өткен күнді көз алдыма келтіріп.
Осы залда шабыт құсын ұшырып,
Шумақтарды ақ қағазға түсіріп,
Тебіренген шығар ұлы данышпан,
Іңкәріне ойдың гүлін ұсынып...
Қалам алып кеудесінен сыр қазып,
Мүмкін, ақын толғанды сан жыр жазып.
Қиналды-ау ол болсын деп әр лебізім
Ұлағатты ұрпағыма үлгі-азық.
Балдай тәтті сезім билеп жүректі,
Құлақ тосам еститіндей үн отты.
Талықсып бір жеткен ызың алыстан
Әлсіреп кеп баяу ғана дір етті.
Майда әуен зор сарынға ауысып,
Жаңғырығып кеткендей өр тау іші,
«Қалың елім, қазағым» деп тіл қатқан
Күңіренді күйікті ақын дауысы.
Көкірегім секілденіп нұрлы айдын,
Құштарланып, елжіреймін, тыңдаймын.
Елестейді Тоғжанның ақ шолпысы
Сәулесіне шағылысып түнгі айдың.
Егес қуған Тобықты мен Найманды,
Достастырған ақын үні айбарлы.
Арашалап қалды ол ажал-бұғаудан
Сот алдында Ажар менен Айдарды...
Россияны санап қамқор ұлы ана,
Пушкин сырын ұға білген ғұлама.
Білді ме екен аспанында өлеңнің
Қалатынын болып мәңгі мұнара?!