17.09.2022
  120


Автор: Ақылбек Манабаев

Күн көзінен ұшқындап шашылып нұр...

Күн көзінен ұшқындап шашылып нұр,
Ақ шыңдардың мойнына асылып тұр.
Алма ағаштың сып-сида саусақтарын
Жасырыпты көп жүзік – ашылып бүр.
Құшағында сағымның қыр көгілдір,
Тәжім етті самалға мың келін – гүл...
Қара дауыл кенеттен соғып еді,
Қашты қаңбақ.
(Қарашы үркегін бұл!)
Жел ұйпалап жаңағы оюларды,
Көк түнеріп, бояуы қоюланды.
Тісі ақсиған найзағай ақырады,
Бейнелеп шайпау мінез, дойыр жанды.
Ызаға булықты ол, долыланды,
Аспанның бұлт-жейдесін сөгіп алды.
Танадай тамшыларды тамсана еміп,
Даланың дел-сал болып жоны қалды.





Пікір жазу