Көктемім келді....
Көктемім келді,
Көл-көсір су айналам,
Бусанып,
Терлеп,
Балбырап жатыр сай, далам.
Құздардан төмен құлаған асау тасқындар,
Көпіршік атты қазандай бұрқ-сарқ қайнаған.
Көктемім келді,
Айналам толы көңілді үн.
Айналып әнге,
Өзім де күй боп төгілдім.
Атызды қаптап,
Алқаптың қалың түгіндей,
Алғашқы көгі қылтиып өнді егіннің.
Көктемім келді,
Береке басы болғай да,
Тіл бітті таңды тамсанта ұшқан торғайға.
Жас төлі өріп, отары өскен малшыларға
Өріске шықты қамшылап атын борбайға,
Көктемім келді,
Басталды байтақ мерекем,
Көретін менің қызығым, тойым көп екен.
Өзгені қойып, майсалы майда парадта
Ту ұстап топтың ішінде жүру неге тең?
Көктемім келді,
Арудай бейне жасанып,
Тулайды өзен боз көбіктерге шашалып,
Тіршілік түгіл, балдырған осы мезгілдің
Лебімен тас та кеткендей балқып, жасарып..