17.09.2022
116
ЖАС ЖҮРЕКТЕР
Биік көкте көктем күні күледі,
Жасыл белдің жел етегін түреді.
Темір дене келе жатыр бұлқынып,
Секілденіп жердің құрттай жүрегі.
Толқын тілген кемеден ол аумайды,
Гүрілімен жан жүректі баурайды.
Тулаған бір толқын туып ізінен,
Қара барқыт топырақтар аунайды.
Секілденіп жердің құрттай жүрегі,
Темір дене дала төсін тіледі.
Асықтырып рульдегі жігітті,
Тіркеуші қыз миығынан күледі.
Қайран арман кеуделерде шарқ ұрып,
Келе жатыр бала құстай талпынып.
Алып мотор ырғағына ілесе
Дірілдейді екі жүрек алқынып.
Қос бейнеде оттай лаулап нұр-жалын,
Еліктіре ұйытады қыр жанын.
Жастық шіркін жерге жазып жүргендей,
Махаббаттың ашылмаған сырларын.