17.09.2022
  156


Автор: Ақылбек Манабаев

Ертіс

Ертіс жатыр арнасында шымырлап,
Жел кезеді маңайымда сыбырлап.
Дөң үстінде төмен төніп мен тұрмын,
Көкірегімде күмбірлейді тың ырғақ.
Кейде толқын буырқана мөңкиді,
Ақ көбіктер Аққу болып жөңкиді.
Басын иіп көк бұрымды теректер,
Айдын төсін баяу самал желпиді.
Жағалауды шаплақтап су ұрып,
Мөлдір айдын алтын нұрмен жуынып.
Асау Ертіс алға асығып ағады,
Тереңдегі ойларымды суырып.
Бас көтеріп кейде толқын ақ маңдай,
Дәу жартасты мазалайды жатқан жай.
Тік шапшиды ойлы аспанға ғашық су,
Құшақ-құшақ гүл шоқтарын атқандай.
Сонау жүрген шағалалар түсі аппақ,
Шарық ұрады арманыма ұқсап қап.
Ертіс түгіл, көл-көсір бұл көңілмен,
Дүниені тұрғандаймын құшақтап.





Пікір жазу