ДОМБЫРА
Күйші қарт кеуде кере шабыттанып,
Жібергенде қос ішекті қағып-қағып.
Күмбірлеп күңіренген сырлы саздар,
Көңілдің көгін құшты талып барып.
Бес саусақ өрлі-қырлы жеңіл аунап,
Сырғиды пернелерді омыраулап,
Саңқылдап сағыныштың әуендері,
Қиялды жетектеді соныға аулақ.
Ашқандай ақ құшағын сүйікті арман,
Көз жұмып, көп тыңдаушы ұйып қалған.
Жұлқысар шаршы топта палуандай,
Кейбіреу жалаңаштап иықты алған.
Секілді шыңға қонған бала бүркіт,
Біреулер өзеурейді, алабұртып.
Мөлт еткен қос тамшыны көтере алмай,
Майысып айқасады қара кірпік.
Қиқулап, кейбіреулер жанасалап,
Өрекпиді, отырмай иек тамашалап.
Барады баурап алып бар жүректі,
Безектеп, бебеулеген қара шанақ.
Жаныңды сиқырлы бір дауыс арбай,
Ырғақтар бірден-бірге ауысар жай.
Қаз мойын, сал домбыра өксиді-ау кеп,
Саусақтар сырды санап тауыса алмай.
Сағатқа тұншығып қап бір үн,
Асқақ күй ұқтырады бар пандығын...
Далама ризамын мен қол басындай,
Ағашына сыйғызған дарқандығын!