17.09.2022
  162


Автор: Есенқұл ЖАҚЫПБЕК

ЕСІГІҢДІ АШ...

Есірке, есігіңді аш, ең алғашқым,
Өзімсіп саған тағы қадам басты.
Өтпелі, өзгермелі дүниеде
Өзіңнен жақын туыс таба алмаспын.
Мен сені күнде ойладым, түнде ойладым,
Сызылтып сырлы дүние сырнайларын.
Жүргенде жадап-жүдеп жылынатын,
Сен менің сияқтысың күнгей жағым.
Өмірден өлең іздеп, өзімді іздеп,
Ортадан талай-талай безіндім көп.
Тағдырдың тасқа соққан бір сәтінде
Тағы да келіп тұрмын өзіңді іздеп,
Баяғы таң нұрындай сезімді іздеп.
Жүдедім жүрексіздер жұмағынан,
Жұмақтың жұтып шықтым ылаңынан.
Үкідей үлбіреген үміт көрдім,
Үйіңнің қалт-құлт еткен шырағынан.
Есірке, есігіңді аш, жүдеп келдім,
Өзіңсіз өмірі жоқ күн өткердім,
Жыландай жылуы жоқ жыл өткердім.
Мейірімсіз мекер дүние арасынан,
Мен сенен жалғыз шуақ тілеп келдім.
Ұстама босағада, жібер, жаным,
Қорыққаның ба бұл, әлде. Қуанғаның?
Баяғыда басыңнан аттап кеткен,
Алдыңда арып-ашып тұр арманың....





Пікір жазу