17.09.2022
  240


Автор: Есенқұл ЖАҚЫПБЕК

ГҮЛДӘУРЕНМЕН КЕЗДЕСУ

Аннан-мұннан жұлдыз гүлдер бүр жарып,
Ай сырғасы тұрған кезде дір қағып.
Жалаңаяқ нояндары ауылдың,
Алма ұрлауға шығушы едік ұрланып.
Мысық жүріс ептілікке мастанып,
Қаншасын жеп, қанша алмасын тастадық.
Сол бір жолы алма ұрлаудың кезегін,
Әлімбайдың бақшасынан бастадық.
Қарқындары қамал бұзар кіл «батыр»,
Қараң- құраң қалың баққа кірді ақыр.
О, жасаған, масахана ішінде,
Толықсыған, толған айдай қыз жатыр.
«Қарақшылар» қалт тұра қап шетінен,
Қапелімде ауып қалды есінен.
Ай сәулесі өліп-өшіп сүйіп жүр,
Періштенің тамағынан, төсінен.
Бір ғажайып арман күтіп ақ таңнан,
Ару жатыр, ақ білегін жастанған.
Жаңа ғана көзін ілген секілді,
Бір періште ұшып келіп аспаннан.
...Ойлап тұрсам ол бір ғажап түн екен,
Содан бері сұлулықты жыр етем.
Әлгі сұлу періште емес, басқа емес,
Әлімбайдың сары тәмпіш қызы екен.
Балғын қиял қуалаған күндіз- түн,
Бала едік қой, бала едік қой бүлдіршін.
Санамызға сәуле кірген сол түні,
Кімге қандай түс кіргенін кім білсін?
Бізге осылай келді ме екен жігіттік,
Біздер содан алма ұрлауды ұмыттық.
Бұл өмірде алмаңыздан мың артық,
Бір тәттілік бар екенін шын ұқтық.





Пікір жазу