САРЫ ҚЫЗ, САРЫ БӘЙБІШЕ
Сандықтағы сары алтындай сары қыз!
Саған бір кез құмар едік бәріміз.
Сары таңға саған арнап хат жазып,
Апаруға жетпей кеткен әліміз.
Арманым ең, асылым ең ардақты,
Сені армандап қанша ұйқысыз таң да атты.
Жұтынып бір тұратұғын жұлдызым,
Қыз кезіңнен жұрнағың да қалмапты.
Сайран кезден сарқытың да қалмапты,
Беттің әрін бетпақ өмір жалмапты.
Бар апаға бағынбайтын тентек қыз,
Сары апаға айналыпсың салмақты.
Бұрынғының Жібегі деп, бұл бір қыз,
Қыр соңыңнан қалмаушы едік сіздің біз.
Айдай едің, айдай нұрың әлсіреп,
Ай артынан бозарғандай бір жұлдыз.
Жолдас-жора басты қостық бәріміз,
Кейінгіге біз де бүгін кәріміз.
Ерте қашып кетіп едің күйеуге,
Ене бопсың келіндерге кәрі жүз.
Оңашада қалған кезде балалардан,
«Ойхой, дәурен» – деп қоясың сары қыз,
«Ойхой, дәурен» ішінде мен бар ма едім?
Есіңе әлде түсті ме екен әлдекім!
Саған арнап тағы да бір хат жазсам,
Апаруға жетпес еді дәрменім.