17.09.2022
  209


Автор: Есенқұл ЖАҚЫПБЕК

КЕҢСАЙДАҒЫ АҚЫНДАР ЗИРАТЫНДА

Жатыр екен жақсылар қырды асып ем,
Қоңыр мола қоңырқай сұлбасымен.
Менде де арман жоқ шығар, ей жігіттер,
Осылардың көбімен сырласып ем.
Осылар ғой өмірде думандаған,
Құлқын үшін құлшынып қу болмаған.
Елдің бәрі оларды жақтырса да,
Бастық болу қолынан кеп тұрса да,
Жақсы атанып, жасанды ту болмаған.
Думандатып есепсіз көңілменен,
Осылар ғой өмірді өмірлеген.
Ешнәрседен құр қалып сонда дағы,
Ешнәрседен ешқашан жеңілмеген.
Бақай есеп тірлікте тырбаңдаған
Құл болмаған және де құлданбаған.
Астан-кестен шығарып жүрген жерін,
Арттарында қалатын жырлар мен ән.
Тіршілікте артынан талай өсек
Су жыланы секілді сумаңдаған.
Отырғызбай оларды қуған заман,
Алқымынан сөйлетпей буған заман.
Маскүнемдер деген бір сылтауы бар
Қаскүнемдер беретін удан жаман.
Көздің жасын көл қылып олар бірақ,
Иықтары салбырап су болмаған.
Шаңырағын сәл ғана шайқап алып,
Шалқып өткен шырағын қайта жағып,
Кімдер пасық, кімдер пәк байқап алып,
Баяғыдай жампоздар бұлғаңдаған.
Буындырса тіліңді будан заман,
«Бұзықтарың» осы еді тілді алмаған.
Қансыздар да көп еді маңайында,
Жансыздар да көп еді жылмаңдаған.
Болат қылыш боқ шапқан кезі еді бір,
Бұлар бірақ ешқашан былғанбаған.
Қоңыр мола қоңырқай сұлбасымен
Жатыр бүгін жайсаңдар мұнда кілең.
Мыңбасылар еді ғой бұлар біздің
Мыңбасының көбімен мұңдасып ем.
Қара өлеңді солармен жырласып ем,
Қара жерді солармен бір басып ем.
Қарапайым болушы ед жарықтықтар,
Қара аспанды тіреген тұлғасымен,
Арқа тұтып соларды Алатаудай
Анда-санда мен де бір тіл қатып ем.
Түнде тұрмақ, күндіз де жанатұғын
Жұлдыздарға жанымды тыңдатып ем.
Көмбе болып жатырсың жарықтықтар,
Әуре болып біз жүрміз бір басымен.
Заман, заман екен ғой өз заңымен,
Адам, адам екен ғой сырласымен.
Құмның сәні кіреді құланымен,
Таудың сәні кіреді құлжасымен.
Өзгеріс көп өмірдің әр кезеңі
Өзі салған ағады жалғасымен.
Сөлекеттеу көрінді өзге жұртқа
Сөздеріңмен сендердің үн қатып ем.
Қай сөзбенен ұғысып жүр десеңші
Бүгінгілер өзінің құрдасымен.
Құлазиды жүрегім Ақан құсап
Құлагердің мұңдасқан қу басымен.





Пікір жазу