БІР ЖЕҢГЕЙ
Көйлегінің көптігіне күрсініп,
Жеңгем отыр, өз әлінше пірсініп.
Бәрі де бар, жетпейтіні тек қана,
Жотасынан осып түсер бір шыбық.
Көзін тігіп көк жиһазға жиналған,
Қара қатын қайыршыдай қиналған.
Ойда жоқта қалдым мен де ауырып,
Осы жеңгем қара шәйін құйғаннан.
Ауырсынған алтыны мен күмісін,
Байғұс жеңгем көрген күнің құрысын.
Кесені емес кесек ұстап тұрғандай,
Кесірленіп ұсынады-ау шынысын.
Иесінің хәл-қадірін білетін,
Итке осының төгер ме еді ырысын.
Әй, ағам-ай, әйдік адам болсам деп,
Әйелдің де алмапсың-ау дұрысын.
Кеңсірігің отыр неге тарылып,
Кең даланың аңсадың ба тынысын?
Сол далаға сабап шығып жеңгемді,
Жазбаймыз құрысы мен тырысын.
Отауына қоқыр менен қоқымның,
Бекер келген екенмін деп опындым.
Әбжыландай кетсе екен деп жарылып,
Темекімді шегіп қойып отырмын.
...Күрсінері жоқтығына күрсініп,
Жесір қалғыр
Жеңгем отыр қырсығып.