Бай да емеспін, бұл күнде кедей де емен...
Бай да емеспін, бұл күнде кедей де емен,
Азаймаған адаммын, көбеймеген.
Өзегімді өлеңім жарып шықпай,
Өлең айтып келемін көмейменен.
Айтып беріп жайсаң мен жақсыға өлең,
Жағынғанды жанымдай жақсы көрем.
Атақ, атты аламын арзан жырмен,
Махаббатты өзгертіп нәпсіменен.
Жалықсам да осы бір ойынымнан,
Жақсылармен жанастым бойы бұлғаң,
Қолда өсірген жыландай қолтық кезіп,
Сумаң етіп шығамын мойыныңнан.
Бай да емеспін, бәрібір құл да емеспін,
Ол да емеспін, және де бұл да емеспін.
Боқта өсірген кәдімгі гүл сияқты,
Болашақта келеді гүлдеп өскім.
Біреу білмей, мұнымды бірі аңғарар,
Біреу сеніп, біреулер күмәнданар.
Пәренжесін жамылған жас тоқалдай,
Пәктігім бар, бойымда күнәм да бар.
Қадалмайтын көз бар ма жас құлынға,
Күнәһарлық жарасар қас сұлуға.
Талай байдан шығармыз аман болсақ,
Абай байдай шыққанша тас тұғырға.