Түстіктен сонау талықсып жетіп тырналар...
Түстіктен сонау талықсып жетіп тырналар,
Толқынға толып, толықсып ағып жылғалар,
Қыпша бел бұлақ қытығы келіп сан аунап,
Қып-қызыл жалау күн батар кезде алаулап,
Көкорай белдер сарғалдақтарын самсатып,
Көбелек біткен көк өрім гүлден бал татып,
Толағай таулар жас талдан жұпар иіскеп,
Тотыяйын аспан одан да әрмен биіктеп,
Қоғалы көлде көлбақа біткен кеңесіп,
Көгілдір белдер көкжиектермен теңесіп,
Ақ ұлпа бұлттар аспанда жүзіп, қалықтап,
Айдынды көлдер теңіз болуға барып қап,
Жапырақтарын жақұтқа малып жас тоғай,
Жап-жарық түнде жалаңаш жүзіп аппақ Ай,
Қызыл іңірің көгілдір түнге ұласып,
Бозбала жігіт бүлдіршін қызға сыр ашып,
Ақ қыстан кейін қонғандай бейне бақ қырға,
Жаужапырақтар алақан тосып ақ нұрға,
Кеудемнен менің сезімнің селін көшіріп
Қоңыраулатып, көктемім келіп қалдың ба?!