ТАУ ҚЫЗЫНА
Есімнен кетпес күлкі-ойын,
Есімде сенсең, бала қыз.
Өткізіп өлең, жыр тойын,
Аттанып, міне, барамыз.
Қоштасар сәтте айырылмай,
Қолыңнан қысып тұрғам-ды,
Ақтығы таудың қарындай,
Айтылмай арман, сыр қалды.
Тағатым таппай бір тыным
Толқуды тұрдым жоя алмай.
Жүректің асау дүрсілін
Өзгелер естіп қоярдай.
Қош айттым саған жәй ғана,
Қош айттым үнсіз жанармен.
Болмаса ел-жұрт айнала
Шашыңнан иіскеп қалар ма ем.
Бір сәтке сен де, арманым,
Ұмытып жеңге, ағаңды,
Дірілдеп алақандарың
Түзете бердің жағамды.
Дірілдеп саусақ, қол ұшың,
Сыр аштың солай сен маған.
Аңқауым, сені ол үшін
Сөккен де болар жеңге, ағаң.
Тағдырмен осы келіспей,
Қол бұлғап қалдың соңғы рет.
Кемсеңдеп тұрдың тек іштей,
Кекілің желмен желбіреп.
Артымда қалды мәңгі арман,
Алыстай берді нұр – көрік.
Ауылға асқақ таулардан
Елесің келді бірге еріп.
Кеткелі сенен аулаққа
Бір күнім бейне бір жылдай.
Жанарым тұрар тау жаққа
Жәудіреп таңғы жұлдыздай.
Көңілде қазір көп елес,
Көмескі түс те көбейді.
Жолымды таулар ғана емес
Тағдырдың өзі бөгейді.
Бөгейді шың-құз, шатқал мың,
Бөгейді таулар еңселі.
Қашан да махаббаттардың
Қиындық болған өлшемі.