17.09.2022
  276


Автор: Есенқұл ЖАҚЫПБЕК

АНА

Туған үйдің есігі тұр бекулі
Соғыс, міне, жүріп жатыр бір апта.
Эшелондар вагон-вагон жетімді
Жау қолынан ала қашты жыраққа.
Эшелондар тылға беттеп тартты алға,
Қол бұлғайды Украина орманы.
Фашистердің самолеті аспанда
Қарауылға жетімдерді алды, әне.
Сансыз бомба келе жатыр сорғалап,
Көкке қарап шырқырайды көп жетім.
Өшпенді жау өте шықты бомбалап,
Қызыл жалын отпен орап жер бетін.
Ажал ауыз салды келіп бізге енді,
Алапаттың жоқтай мүлдем тоқтамы.
«Мамалаған» жалынышты үндерді
Қырқып өтті пулеметтің оқтары.
Жатыр, әне, жараланып ыңырсып,
Жазығы не жаңа туған жандардың.
Сәби дене, сәби қолдар жүр ыршып,
Қан аралас топырақта қоймалжың.
Өшті осылай бала шақтың нұр таңы,
Сәби жүрек енді қайтып соғар ма?
Болғаны үшін большевиктер ұрпағы
Талайлары кетті өртеніп вагонда.
Қатал кезең, қайғысыз жан кемде-кем,
Соғыс кімге тигізбеген салқынын.
Өне бойын ауыр сырқат меңдеген
Ортамызда жалғыз ана бар-тұғын.
Қасіретке кеткенімен еті өліп,
Өлмейді ғой мейірімі адамның.
Ауыр сырқат сол ананы
Көтеріп,
Вагонға әкеп салып еді сонау күн.
Өлім де көп, қайғы да көп, кесел көп,
Ананы да аямаған бұл уақыт,
«Бір жұтым су әкеп берші, көкем», – деп,
Әрең-әрең жатушы еді тіл қатып.
Өзегіне от құйды ма жай мына
Орынынан әрең-әрең тік тұрып,
Ұмтылды ана құшағын кең жайды да,
Өрт ішіне бомба жауған ысқырып.
Жүректегі махаббаты аналық
Өрттен де әрмен лаулап тұрған шақ онда.
Қызыл тажал от ішіне оранып,
Жанып жатқан қойып кетті вагонға.
Қас қағым сәт, әрбір минут санаулы,
Самолеттер атқылап жүр оқ төгіп.
Сәбилерді етегіне ораулы
Абзал ана алып шықты көтеріп.
Ысқырынған оққа төсеп кеудені,
Төзімі бар тауқіметке қажалған.
Жанып жүріп үстіндегі көйлегі,
Өзгелерді құтқарып жүр ажалдан.
Екеу...үшеу...тағы бесеу...тағы оны,
Ең соңғылар қалған шығар, тегі, енді.
Вагондарда
Дарымаған жау оғы
Құтқарылған бала демде көбейді.
Соңғы сәби қалды ма екен табылмай,
Құшағы бос келеді ана жақындап.
Арқасында айдаһардың жалындай
Бір құшақ от алаулайды лапылдап.
Сарқып болып біздер үшін өз демін,
Келе жатыр абзал ана өртеніп.
Жетім біткен жұмып алған көздерін,
Елес болып бір кездегі еркелік.
Қанды тырнақ қару ажал қарманып,
Жалмап кетіп бара жатыр жанды асыл.
Қызыл жалын – қызыл мыстан долданып,
Арқасында сол ананың салды асыр.
Кенет-кенет өне бойы составтың
Селк етті де, тартып берді дүркіреп.
Алдымызда арайланып аппақ күн,
Артымызда қала берді түн-түнек.
Көзімізден қызыл ұшқын ұшты бір,
Бара жатты көз ұшында от қашып.
Аяулы ана орамалын қып-қызыл
Бұлғап тұрған секілденді қоштасып.
Алыс еді жетер күндер жеңіске,
Алдымызда асу-асу белес көп.
Көз ұшында қызыл қанат періште
Тұрды сол сәт бәрімізге елестеп.
Жерге келдік жұпар шашып, гүл өнген,
Көкте күліп елжіреді ғажап күн.
Жалғыз состав қорғансыздар тиелген
Жетіп еді даласына қазақтың.
...Жетім едік. Соғыс бәрін жалмаған,
Ерте есейдік балалықтан құр қалып.
Дарқандығы даласынан аумаған,
Құшағына алды бізді бір халық.
Діліміз де, тіліміз де төселді,
Тамыр жайдық, туды бізден жаңа ұрпақ.
Менікі деп иемденсем осы елді
Ешкім бүгін қарамайды таңырқап.
Ұмытсам да соғыс салған таңбаны,
Жүрсем дағы бақыт жырын ән қылып,
Қызыл қанат періште-ана сондағы
Көз алдымнан кетер емес мәңгілік.





Пікір жазу