17.09.2022
  119


Автор: Есенқұл ЖАҚЫПБЕК

ҚҰЛА ШАБДАР

Құла шабдар самғады,
Көзден жасы домалап.
Құла құла болғалы
Топқа түсті, о, ғажап!
Құла шабдар самғады,
Құлағынан жел үрлеп.
Аярға жан қалмады,
Үзілердей кеңірдек.
Сары ат зырлап оңынан,
Ол да түсті қапталдай.
Арлан қасқыр соңынан
Салып келе жатқандай.
Құла шабдар ышқынды,
Өлер шағым келді деп,
Ерні ыржиып үстіңгі,
Астыңғы ерні елбіреп.
Қиқулаған мына кім?
Құла әруағын шақырды.
Бәйгесі еді құланың
Ең алғашқы...ақырғы.
Сары ат аяқ салды алға,
Ілгізбеске бәйгісін.
Құла ат шапты жалғанға
Білдірмекке қайғысын.
Шабдар үшін өмірлік
Бұл шабыстың мәні бар.
Ащы ішектей созылып,
Аңырады жануар.
Құла шабдар шапты алға,
Құдіретін жоқтаған.
Егесі өліп жатқанда
Екі дәурен жоқ-ты оған.
Сары ат мойнын созды, әне,
Жұрт аузында «А, құдай!»
Құла шабдар самғады
Қоян қуған тазыдай.
Тасын илеп тақырдың,
Ұшты құла от өріп,
Әруағын ақынның
Бір қазақтай көтеріп.
Ұшқан құсты кез келген
Тістеп өтіп барады.
Жарлы, құзды жерлерден
Құс боп өтіп барады.
Белес көрсе еліріп,
Бор қып өтіп барады.
Омыртқасы сөгіліп,
Орғып өтіп барады.
Жанын аза, ой қыштап,
Сүйекеңді зар қылды.
Шапқан жерін оймыштап,
Оймақтай ой қалдырды.
Аза тұтты асырып,
Қара менен төреден.
Ат иесі асығып,
Күтетіндей сөреден.
Айтып аза, иманын,
Тірі адамша өкінді.
Сүйекемнің дидарын
Көріп шапқан секілді.
Білмей жүрген нарқын ел,
Момын шұбар бұлқынды.
Бөктердегі қарсы жел
Бөздей болып жыртылды.
Сары ат артқа тасталды,
Сөре міне, мінекей!
«Бауырымдап» бас салды
Мойынынан бір екей.
Бәйге алды, Алла-ау, расында,
Ал, екейім, жылашы,
Сүйінбайдың асында
Сүйінбайдың құласы!
Келді құла жел-дауыл,
Ауыздықпен алысқан.
Құла ат емес онда бұл,
Шабдар түкті арыстан.
Шабдар жылқы пішінде
Шамырқанып, қозданып,
Үш жүз күлік ішінде
Ақ жолбарыс озды анық.
Жан шыдамас сөзіне
Сүйекеңше бәйге алып,
Кете барды өзі де
Бір елеске айналып.
Шабдар өлді. Ақ жаны.
Ақтап ақтық парызды...
Сүйінбайдың әруағы
Ат боп шапқан тәрізді.
Құла шабдар шартына
Жастай мен де шалдыққам.
Сары аттардың даңқына
Қызықпаймын сондықтан.
Сары ат –даңқы, жез кеуде,
Жез омырау тозады.
Шын намысқа келгенде
Шабдар аттар озады.





Пікір жазу