АРМАН
Тағы да жауды, жауды
Қар тынбады.
Қаңтардың қалың қары қарқындады,
Тынысың тарылғандай болады үйде
Өмірді ойлай-ойлай артыңдағы.
Қардың да қалбаңдаған құты бардай,
Өтсе екен қоянның бұл жұты болмай.
Ет жегіш ертелі-кеш еркегінен,
Үйімде әйел отыр құтыла алмай.
Тағы да жауды, жауды
Қар үдеді
Бәрінен жаным неге зерігеді,
Бәрі де бәрі өткінші өмір еді.
Бәрі аппақ тау-даланың төңірегі,
Тұратын тау басында жалғыз король
Сияқты бар ғұмырым көрінеді,
Ойпыр-ай, жаным неге егіледі,
Аспаннан аппақ жіптер төгіледі.
Тұрыпты тау басында жалғыз король,
Ұмытты оны ел-жұрт, төңірегі.
Сол король таңғажайып суретші екен,
Ерте-кеш есіл-дерті суретте екен.
Суретін ғашық жардың салған мәңгі,
Құрметте сол корольді құрметтесең.
Бұл өзі тірі адам ба, сурет пе екен?
Дегендей өзі салған суретіне
Тесіліп қарайды екен өле-өлгенше.
Тақ үшін бас ауыртпай төменгі елше,
Ол тіпті селт етпепті етектегі
Еліне жаугершілік заман келсе.
Әрбір ел өзін күшті есептеді,
Бар пәле содан келер неден келсе.
Сурет қыз үнсіз ақыл айтады екен,
Алдына мұңын шағып король келсе.
Байламға келіп содан қайтады екен,
Еліне шешім айтып кемеңгерше.
Ендігі мен де король болар едім,
Келбетін сүйгенімнің салар едім
Жеңуге пенделікті шамам келсе.
Жанымды әр нәрсемен кірлеттім-ау,
Жарылқап мені құдай өлең берсе.
Аруды ай мен күндей суреттеген,
Өмірін өткізіпті ол суретпенен.
Корольдің әлгі салған суретіне,
Сол қызды мәңгі салған суретіне,
Айтуға адамдарда тіл жетпеген,
Ұқсапты түні күнге, күні түнге,
Үзіпті одан ел-жұрт үмітін де.
Жын-пері иектеген есуас деп,
Оны жұрт ұмытыпты тірісінде.
Ханзада тұра берді шың басында
Ісі жоқ қазынаның кірісінде.
Содан соң жұлдыз болып кетті король,
Дірілдеп тұратұғын түн ішінде.
Тәрк еткен қоғамдарды, замандарды,
Бір үлгі жүрегімде содан қалды.
Менің де король болғым келеді ылғи,
Ойламай опырайған жаман халді.
Барлығын, бәрін тәрік етейін де,
Мен де бір шың басына жетейін де.
Әлде сол король құсап ақырында,
Арсыға жұлдыз болып кетейін бе.
Жаным қас болса-дағы жалғыздыққа,
Неге осы жалғыздық бар көкейімде?!
Король боп кетсем бе екем басқа болмай,
Мен бірақ ғұмыр кештім басқалардай.
... Аспаннан салбырайды күміс жіптер,
Апарар тау басына аспа жолдай.