ҚАНЫБЕК БАТЫР
Суыққа да түсіп көрген Қаныбек,
Ыстыққа да түсіп көрген Қаныбек,
Астындағы жалғыз атын жаяуға,
Жаяу қалып түсіп берген Қаныбек.
Жазықсыздан ұшырасақ жалаға,
Жар құсындай ұшып келген Қаныбек.
Сені көрсе өңкей қорқау қарақшы,
Бұралқы иттей зытып берген «әні» деп.
Талатпайтын елі-жұртын басқаға,
Сенен басқа тұлға тұтар кімім бар?
Сенен ақыл сұраушы еді бәрі кеп.
Бір-ақ рет өлетұғын күнде өлмей,
Батырлардан жалғыз тұқым қалып ед.
Хас батырды қапылыста ататын,
Қаскүнемнің жеті атасына лағнет!
Мақтағанға тіл жетпейтін Қаныбек,
Ақтағанға сын жетпейтін Қаныбек,
Өміріңді сатып алсақ Алладан,
Бір күніңе құн жетпейтін Қаныбек.
Бір мың жылда жалғыз рет туылып,
Бұл өмірден күнде өтпейтін Қаныбек.
Асқақтығын рухыңның өлшеуге,
Аспандаған шың жетпейтін Қаныбек.
Екі дүние, о жақ пенен бұ жақта,
Есімізден бір кетпейтін Қаныбек.
Шибөрідей ши түбіне тығылған,
Кейбіреулер дірдектейтін Қаныбек.
Хас болаттан құйып қойған Қаныбек,
Барлық ізгі қасиетін қазақтың,
Бір бойыңа жиып қойған Қаныбек.
Күпілдектер әлсіздерді қинайтын,
Сені көрсе сиіп қойған Қаныбек.
Дос пен дұшпан бәрі-бәрі өзіңді,
Басқалардан биік қойған Қаныбек.
Атан түйе бура болған Қаныбек,
Талай-талай дуда болған Қаныбек.
Ел басына екіталай күн туса,
Атқан оққа тура барған Қаныбек.
Досың түгіл дұшпан саған сүйініп,
Жат пен жақын ырза болған Қаныбек.
Қарасай мен Наурызбайдан кейінгі,
Шапыраштыға тұлға болған Қаныбек.
Әлпештеген Әбен кетті қасыңда,
Оны да жұрт ержүрек деп танып ед.
Қамқор ағаң қоса кетті Қалибай,
Оларды атқан жансыздардың бәріне,
Лағнет! Лағнет! Лағнет!!!
Жолбарыстан білек алған Қаныбек
Қабыланнан жүрек алған Қаныбек.
Өмірімен батыр болған Қаныбек,
Көңілімен ақын болған Қаныбек
Жан адамды бөлмейтұғын Қаныбек
Қорлығыңа көнбейтұғын Қаныбек.
Жеті оқпенен атыпсыңдар, бірақ та,
Жетпіс оққа өлмейтұғын Қаныбек.
Өзі тұрмақ Қанекеңнің өлігін,
Өлімтіктер жеңбейтұғын Қаныбек
Сасқан жерде атқызатын сасықтың,
Бұл қазақта сапасы жоқ, саны көп.
Аман болсын артындағы ұрпағы
Аман болсын бәйтеректің бір талы.
Қаныбек пен Әбен жайлы айтатын,
Ақиқат сөз айтылады мың тағы,
Ерте туып еш заманның маңдайына сыймаған,
Біздің елдің сұлтаны мен біздің елдің ұлтаны.
Тар молаға сыймай жатыр нарыңыз,
Барымыз да осы еді ғой арымыз.
Қарасайлап, Қаныбектеп ұрандап,
Ел мен жұрттың тыныштығын сақтауға,
Баталасып жұмылайық бәріміз.
Әумин!