ҚЫЗ МОНОЛОГЫ
Бақытты едік бір кезде...
Орындалып жүректің ізгі арманы,
Махаббаттың
Кездік біз гүлзар бағын.
Жастық шақтың
Қыздырып думанды әнін,
Жүруші едік
Елемей ызғар барын,
Ақпанның да ерітіп мұз-қарларын.
Бірақ, бірақ кенеттен...
Қара бауыр бұлт шөгіп аспанымда,
Дауыл тұрып бір ерен жас жанымда,
Көңілімді бұрғызбай өзің жаққа
Алып кетті,
Қайтейін, басқа ағымға.
Бал татыған шырын сәт,
Жұмақ күндер
Ғайып болып жоғалып қас-қағымда.
Аптап соғып көгіңнен
Жапырағын жаныңның қуарттым да,
Гүлзар бағын көңіліңнің суалттым да,
Кешіре алмай мен кеттім...
Үстіңе әкеп
Қызғаныштың нән тауын құлаттым да.
Екеуіміз де ашуға құрбан болдық,
Сен мені,
Ал мен сені жылаттым да...
Тарлық еттім, қайтейін!
Күй боп тұнып домбыра шанағында,
Өзімді-өзім
Батырдым нала-мұңға.
Өкініштің орынын толтыра алмай
Қайран, дүние,
Өртеніп барамын ба?!
Тұтандырған о баста өзім едім,
Сол алауға
Енді өзім жанамын да...