17.09.2022
186
Жұп емеспін...
Жұп емеспін,
Сыңармын,
Жалқы тұрған шынармын.
Пешенеме берілген,
Егізімдей тұмар-мұң.
Толық емес,
Жартымын...
Шаттығымның арты – мұң.
Махаббаттан баз кештім,
Мысқа айналып алтыным.
Түбін тесіп төзімнің,
Тірлігімнен безіндім.
Жегілем деп
Не таптым,
Жетегіне сезімнің?
Өкінгеннен пайда жоқ,
Кері қайтар айла жоқ.
Атой салған қанымда
Қайда қалдың, қайран от?..
Жалғыздықпен арбастым,
Жалаң аяқ қар бастым!
Жырдан іздеп жұбаныш
Қаламыма жармастым...
Жұбанбады жан, бірақ,
Қара таппай абдырап.
Шақша басым шошайып
Енді қайда қаңғымақ?
Тынши алмай көңілім,
Күндерімнің көбі – мұң.
Өзегімді өртейді
Өксіп өткен өмірім...
Жағасында жар-құздың
Бойды үрейге алғыздым.
Өзің құтқар,
Хақ ием!
Жары –
Құдай
Жалғыздың...