17.09.2022
  141


Автор: Қатира Жәленова

КӨГІЛДІР ЖЫР

Көгілдір көктем!
Шуағыңды аямай төгіп келіп,
Тіршілікті ояттың желік беріп.
Сазды әніңмен билетіп балбұлақты,
Гүл боп тұндың далама көріктеніп.
Самалыңмен
Қытықтап балқұрақты,
Қызғалдақтың
Нарт жүзін албыраттың.
Көгілдір дүние
Батқанда көк сағымға,
Нұрын құйды
Көгімнен балбырап күн.
Нәзік гүлдің үзіліп кірпігінен,
Ақ қайыңның
Сырғанап бүршігінен,
Көгердің сен,
Тіршілік нәрін алып,
Жер-ана жүрегінің дүрсілінен.
Ізгілігім – мейірбан көздеріңнен,
Әсемдігім – көгілдір кездеріңнен.
Дархандығым – тым жомарт пейіліңнен,
Бәрін сенен алғанмын...
Бөлме өзіңнен!
Жер-дүние көгілдір кезде мүлдем,
Жүрегіме от алармын
Мен де өзіңнен.
Шабытыма көгілдір қанат бітіп,
Көгілдір жыр өремін сөздерімнен.





Пікір жазу