17.09.2022
131
ЖЫР – ШЫНАРЛАРЫ
Күләш пен Қайырбекке
Махаббатын сақтаған бойында нән,
Жойқын сезім
Әлі күн жойылмаған.
Өзі де ақын болғасын Қайырбегі
Мықтылығын Күләштің мойындаған.
Мойындаған
Күләштің ірілігін,
Әбділда Тәжібаев та күні бұрын.
Айдынына қондырып жыр-аққуын,
Аялайды қарсы алып Сыры бүгін.
Жаны таза, бейкүнә баладайын,
Көңілі дархан кең байтақ даладайын.
Қос ақыны қазақтың маңдайалды,
Бөле жарып екеуін қарамайын.
Сұлу таңды қарсы алып шапақ атқан,
Қос жүректен жыр-бұлақ қатар аққан.
Елін, жұртын сүйді олар от-сезіммен,
Жаралғандай мәңгілік махаббаттан.
Жырға қосып жұртының мұң-арманын,
Қуанышын,
Қайғысын,
Ұғар бәрін...
Қашан болсын
Тұрсыншы тұғырлы боп,
Шыңға біткен осынау шынарларым!