17.09.2022
138
ҚАРТАЙСАҚ ЕКЕН ӘДЕМІ
Жастығым өтіп кетсе де,
Егделік келіп жетсе де,
Жырыммен жүрмін жасарып,
Жүрегімдегі от сөнбе!
Ішінде болар тұспал мың,
Киесін сөздің ұстармын.
Өлімнің барын білсем де,
Өмірге мынау құштармын.
Шүкір ғып осы тірлікке,
Ұйытып ұлтты бірлікке,
Түтіні түзу ұшса деп
Үңілдім түрген түндікке.
Елімнің жүрер жеп қамын,
Келеді өсіп көп дарын.
Өшпесе екен еш солардың
Ошақта жанған оттары!
Жүрсе де болып бұрын дау,
Мүмкін бе дінге бұрылмау?
Мұсылмандыққа бет бұрып
Ұлтымның тілі тірілді-ау!
Шабыттың шамын жағайын,
Шалқып бір қайта жанайын
Сөндірмей жырдың алауын,
Болашаққа алып барайын.
Акынның аппақ әлемі,
Жазылған жырлар – жан емі...
Алғысын елдің арқалап,
Қартайсақ екен әдемі!