17.09.2022
146
ПОЙЫЗДА ТУҒАН ОЙ
Пойыз үсті...
Вагонды жағалаған,
Қалт-құлт етіп
Жанарсыз келеді адам.
Келеді адам
Асынған гармоны бар,
Айналасын тас-түнек қамалаған.
Қайтсін, байғұс,
Құса боп жанады іші...
Қара гармон –
Жалғыз-ақ таянышы.
Құтқаратын сол ғана
Тарыққанда,
Күн көріске жарамас қара күші.
Гармонымен ән айтып жағынады,
Жағынбаса, жұрт оны неғылады?
Тиын-тебен жиып ап күнкөріске,
Ел үстінен тамағы табылады.
Қайғы-шері кеудесін кернеп өтіп,
Үн қосады гармонға термелетіп.
Зарлы үніне құлақ сап
Ойланады,
Баратқандар елге,
Не елден кетіп.
Ойға алады
Өзінің амандығын,
Көрсетпесін жаратқан жамандығын.
Тойымсыздық дегенің күпірлік қой,
«Тоба!» дейді тағдырға олар бүгін.