17.09.2022
  110


Автор: Танакөз Толқынқызы

Жарық күннен үйрендім шаттануды...

Жарық күннен үйрендім шаттануды,
Қара жерден үйрендім тапталуды.
Бұлақтардан үйрендім жуып-шайып,
Мөлдірмін деп, пәкпін деп ақталуды.
Сабырлы түн үйретті үндемеуге,
Дархан дала үйретті күндемеуге,
Кінәсізді орынсыз күйіп-пісіп
Мылқау жандар үйретті тілдемеуге.
Ақ жаңбырдан үйрендім жылағанды,
Тау суынан үйрендім құлағанды.
Адамдардан үйрендім, біле білсең
Жоқтан барды қолменен құрағанды.
Алып таудан үйрендім паң болуды,
Алып айдан үйрендім шам болуды.
Үйренсем де шуақтан жарқырауды
Тәңір маған жазбапты таң болуды.





Пікір жазу