17.09.2022
122
Саяжайды саялар тоңған елес
Саяжайды саялар тоңған елес
Бұл көшенің аты жоқ. Болған емес.
Қала мені қаңғытып тауға кеттім,
Қорасы да бұйырмай қорған емес.
Арман болды дүние арман емес,
Бұл жотаны кезіп жүр жалған елес,
Өмір өтіп барады толған егес,
Мекен-жайым жоқ менің. Болған емес.
Қайран тағдыр қаңғуға жаратылған,
Қалбалақтап барады қара сұлбам.
Тар көшеде тайғанап жүргендерді
Тастадың ба шығарып санатыңнан?
Жылы қабақ танытар көше кімге?
Мына сайдан Кеңсайға көшемін бе?
Күн кеудемді көтеріп тауға шығам
Жоқ болған соң төменнің есебінде.
Маған қолын бұлғайды арай ғана,
Мені тастап кетсең кет, қарайлама.
Зор қалаға сыймаған көкірекпен
Тар молада жатамын қалай ғана?
Биікте де өмірім оңған емес,
Бақ орнына басыма қонған елес.
Ажалдың да жоқпыз біз есебінде
Бізде мола болмайды. Болған емес.