17.09.2022
  156


Автор: Танакөз Толқынқызы

Қар дегенің бар болғаны сағыныш...

Қар дегенің бар болғаны сағыныш,
Көз жасымның мұздап
қалған бейнесі.
Алып ұшқан көңілдегі сабылыс
Қарға айналып кететіндей
кейде осы.
Қар дегенің бар болғаны
жұлдыздар,
Түнгі ызғардан тоңып қалған денесі.
Төбесіне тәж ғып киген
тұл құздар
Қар дегенің аппақ әлем елесі.
Қар дегенің үкісі ғой қиялдың,
Жерге қарай құлдилаған аспаннан.
Таптап соны жүргеніме ұялдым
Есуастай махаббатқа мас болған.
Қар дегенің бар болғаны еркелік,
Алақанда ерісін деп жаратқан.
Қар да кейде кететіндей өртеніп
Сезімдерден кірпік ілмей таң атқан.
Қар дегенің қырау шалған үміттің
Күн түскенде шағылысқан сынығы.
Қар дегенің жүректегі бүліктің
Қысылғанда айқай салған қылығы.





Пікір жазу