17.09.2022
  128


Автор: Танакөз Толқынқызы

Қарлығаш-ау, қарлығаш, сүт берші!

Қарлығаш-ау, қарлығаш, сүт берші!
Бір жұтым сүт берші расымен,
Көзімнің өтейін жасымен
Жаураған білегіме,
Зіл батпан жүрегіме,
Мұң басқан қиялыма,
Көз жұмған сезіміме
Сүт берші, қарлығаш, өтінем
Қалдырмай аш ойлардың түнегіне.
Қарлығаш-ау, қарлығаш,
анам болшы,
Ақ төсіңді емейін, аман болшы.
Қаны бір білегіме,
Жаны бір жараланғыш жүрегіме,
Тәні нұр өшпейтұғын қиялыма,
кәріқыздай қаңғыбас сезіміме
Сүт берші, қарлығаш, өтінем,
Қалдырмай аш ойлардың түнегіне.
Қарлығаш-ау, қарлығаш, сүт берші!
Бұлт берші жұлдызы самсаған,
Аянбай мен үшін болысшы
Қолқанат болайын мен саған.
Жалаңаш білегіме,
Сүйіп қалған жүрегіме,
Тым еркін қиялыма,
Тірілген сезіміме
Сүт берші, қарлығаш, өтінем,
Қалдырмай аш ойлардың түнегіне.





Пікір жазу