17.09.2022
  133


Автор: Танакөз Толқынқызы

КІСІ ӨЛТІРГІШ БОЛҒАН ДҰРЫС

Түрме – адам өлтіргіштердің тұрағы,
Адам өлтіреді, түрмеге түседі,
Уақытын өтеп қайтадан шығады,
Қайтадан біреудің ғұмырын қияды,
Ғажап қой бәрі. Ақылға сыяды.
Өлгендерді көмеміз,
жер бетінен аластаймыз,
Ақтаушы іздеп әуре боп
аруақтармен таласпаймыз,
Қорғалмай қалған құқық жайында,
о не дегеніңіз, жақ ашпаймыз.
Кісі өлтірушінің
Қант пен майға, сұлы менен тарыға,
Жұмыртқаның сарысы мен ағына,
Қара құмық жармасына,
Мүлде аш боп қалмасына құқы бар.
Өлген адам үшін ше?
Өлгеннің тек топырақ боп қатуға,
Мәйітінде қу сүйек боп жатуға,
Өзі жатқан екі метр ақымның
Біле білсең, жарнасына құқы бар.
Кісі өлтіруші –
Адамшылық қасиет пен
ізгілікке қожайын,
Артта қалар өсиет пен сотта отырған
қыз-жігітке қожайын,
Барлық орган, мүшелердің иесі,
Түрмелердің киесі,
Жоғарыға заң жүзінде жазылған
Арыз хат та осыларға тиесі.
Ол хатында кісі өлтіргіш
Аяушылық күтеді,
Өлгендердің өкпесі өлген күні бітеді.
Кісі өлтіргіш қасіретінің орны,
сірә, толар ма?
Шеккен барлық азабы мен
сары уайымын
бағамдап,
Мейірімді болу керек оларға,
Аяушылық құқығын бергенбіз
біз соларға,
Біздің заңды қоғамда, бұнсыз
тіпті болар ма?
Өлгендерді бірден көміп тастадық,
Қақысы жоқ олардың
Жоғарыға шағым айтып баруға,
Қақысы жоқ сәлем сауқат алуға,
кездесуге баруға,
Жазған хатын көк жәшікке салуға,
Тіпті бар ғой оларға
Рұқсат жоқ қасірет те шегуге,
Қақысы жоқ жасын көл ғып төгуге...
Біздің қоғам ойлап тапқан «ұятты»
Заңымызды мойындасақ қуатты
Түсінгенім – өзің өліп қалғанша
Кісі өлтіргіш болған дұрыс сияқты.





Пікір жазу