17.09.2022
173
Сен темекі тұтаттың от шығарып...
Сен темекі тұтаттың от шығарып,
Мүжілген ой – шегілген шылымыңдай.
Жылауға шақ тұрдық біз, тек шыдадық,
Бұрын лебіз естімей жылы мұндай.
Күлсалғышың тұншықты күлге толып,
Мен сезімді тұтаттым шоқ көзіңнен.
Айналаға қарадық бірге шолып,
Содан бері сол сезім жоқ көз ілген.
Өзімді өзім іштім мен шарап қылып,
Адастық біз ішінде бір кеменің.
Отқа оранған өлеңге қарап тұрып,
Өртенгім кеп кеткені бірге менің.
Жасырынбақ болса да жоқ тығылғам,
Құсқа айналып біз, шіркін, барамыз ба?
От шығарын білсек те оттығыңнан,
Өрт шығарын білмедік арамызда.