17.09.2022
  108


Автор: Танакөз Толқынқызы

МЕН СІЗДІ КӨРГЕЛІ...

Мен сізді көргелі
Аптада жеті күн бар екенін білдім,
Бір айда отыз түн бар екенін білдім.
Қас-қағым сәттің де ұзақ екенін білдім,
Өмір деп жүргеннің тұзақ екенін білдім.
Өзімді-өзім көп алдайтынымды білдім,
Өлгім келсе де өле алмайтынымды
білдім.
Өлең деп жүргеннің әріп екенін білдім,
Жүрек деп жүргеннің ғаріп екенін
білдім.
Марғау тірліктің тоқ екенін білдім,
әділет дегеннің жоқ екенін білдім.
Құрлық құрсақтан тар екенін білдім,
Тілсіз сүюдің бар екенін білдім.
Сезім дегеннің жоғалу екенін білдім,
Тапа-тал түсте тоналу екенін білдім.
Кірпікке кірбің ілу екенін білдім,
Өртеніп тұрып күлу екенін білдім.
Мен сізді көргелі...





Пікір жазу