17.09.2022
105
Іздемесең, жаңбырға кетіп қалам....
Іздемесең, жаңбырға кетіп қалам,
Үңірейіп қалады кетік ғалам...
Тыр жалаңаш өмірге жылап келіп,
Тыр жалаңаш сезіммен өтіп барам.
Жаңбыр болып кетсемші деп тілегем,
Жан азабын жалқы бұлт шекті неден?
Ұрғылаған әйнекті жаңбыр емес,
Жүрек екен ышқынып тепкілеген.
Ай туғанда мен сені аман көрем,
Меңдеп алған кеудемді алаң неден?
Жағадан ап қайыңды жел жылайды
Жел емес ол, сағыныш саған деген...
Жаңбыр исін құяйын жан нұрына,
Араласпа бұлт болып тағдырыма.
Ағыл-тегіл сезімің өлген болса,
Жібере сал сен мені жаңбырыма..