16.09.2022
  103


Автор: Танакөз Толқынқызы

Түк емес қой! Қорқатын осы ма мұң?..

Түк емес қой! Қорқатын осы ма мұң?..
Сен сөйлесең, неге осы тосыламын?
Үлбіреген сезімім дір-дір етіп,
Қатарына гүлдердің қосыламын...
Қопарылып аунайды бөлек сезім,
Бүршік болып ашады терек көзін.
Шығып кете жаздаса жүрек қағып,
Шықпай қалар аузымнан керек сөзім.
Балауыздай еримін..
Бітіп барам...
Ақын сөзін аңдиды күтіп ғалам.
Сені мендей аспанға ұшырды ма,
Бұла сезім кеудені қытықтаған?
Өмір мейлі жіберсін көнтері ғып,
Мөлдіреймін аспандай көмкеріліп.
Көздерімнен танырсың кездескенде,
Тура қарай алмаған төңкеріліп...





Пікір жазу