16.09.2022
  106


Автор: Танакөз Толқынқызы

СЕН ДЕ МЕНІ ТЕРГЕМЕШІ

Сен де мені тергемеші
Шалқасынан туған айым.
Жер болғанда жерлемеші,
Мен де сені қинамайын...
Көтеріп кет көкте Күнді,
Алып қалам туған Айды.
Қалдыр маған көктемімді,
Жұтпасыншы ол да қайғы...
Екеумізге не жетпеді?
Бәлкім, ауа? Әлде Күн бе?
Жел несіне өбектеді?
Ынтызар ма әлдекімге?
Бөліспей-ақ ұмытайық,
Бөлінбейтін заңдылықты.
Келші, мұңды жылытайық
...Таң қылықты... жан күдікті...
Кешір желдің бостандығын,
Тым кешіккен көктеміңді!
Келер, бәлкім, тосқан күнің,
Суықсың деп сөкпе мұңды...
Бәрібір ғой, жазам осы –
Сүйе берер жүрек Айын!
Сен де мені қажамашы,
Мен де сенен сұрамайын!





Пікір жазу