file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  16.09.2022
  148


Автор: Танакөз Толқынқызы

Бәлкім, менің болмысым бөлек шығар?

Бәлкім, менің болмысым
бөлек шығар?!
Ал, сен қалай ойлайсың,
зерек шынар?!
Бар-жоғыңды өмірде білу үшін
Әлдекімді сағыну
керек шығар?!
Сыр сақтауға үндемей
терек шыдар,
Жан іздедім жанымды
ерекше ұғар.
Біз жолықтық.
Маңдайға жазғаны – сол.
Өлең байғұс жай ғана
себеп шығар.
Көңіліңде бір бейне көлбеңдесе,
Өлең, шіркін, сөйлейді өлген кеше.
Сағынышты мен ойлап тапқан жоқпын
Сенем оны ғарыштан келген десе.
Сүюдің де бар болар заңдылығы.
Еркелесем, оятам таң күдігін.
Бал қылығым сор болды... кешір жырдың
Ешбір заңға бағынбас әңгүдігін.
Жан табылмай өмірде сұңғақ одан,
Қиялымды ақ бұлтқа бұлғап алам.
Алабұртып өмірден өту үшін
Көңіліңде жүрсін бір жұмбақ адам.





Пікір жазу