16.09.2022
  209


Автор: Тəпей Қайысханұлы

ҚҰЛАН ЖАНАРЫНДАҒЫ ҒҰМЫР

Бөрілердің мекені,
Серілердің мекені.
Біздің мекен байырғы–
Перілердің мекені.
Арғылардың мекені,
Зарлылардың мекені.
Алтын өмір-ау, арда емген,
Арлылардың мекені.
Тағылардың мекені,
Тау-ұлардың мекені.
Сен тұрғанда қайтейін,
Медине мен Меккені.
Бұл мекенде ұғып ал,
Алтын мүйіз бұғы бар.
Жер астында жеті қат,
Нар мұхиттың буы бар.
Жанап өткен жат көзде,
Жəніменен құнығар,
Сары сағыммен құбылар,
Сары лағыл құмы бар.
Шуақ нұрмен жуынар,
Шулап тұрған нуы бар.
Жер сағымы алыстан,
Зерлі белбеу буынар.
Дəулетінде бар кие,
Əулетімен əулие.
Табиғаты– тағылым,
Тарихы–ауыр тəрбие...
* **
Мұнар жапқан қыр– дала,
Жатыр нені жасырып ?
Жапан түзде бір қара,
Келе жатыр асығып.
Ақ бас атан мінгені,
Желмаядай желеді.
Шаршауды да білмеді,
Төзім бəрін жеңеді.


Құм теңізде жүзеді,
Сезім-толқын ырғала.
Сарғайған бір күз еді,
Сары бояу қыр-дала.
Құм жағалай жүгіріп,
Алыс қалған мекені.
Сап ауамен жуынып,
Саумал самал жетеді.
Құм төбелер, япырым,
Таяй берсе құр алдап.
Алыстайды ақырын,
Боз құйрығы бұлаңдап.
Бұлт бүркеген күн жетім,
Қыбылаға ауып барады.
Көлеңкежауып құм бетін,
Күңгірттеу рең тарады.


Шыршаның шандыр түбінен,
Шақырып бейбақ дуадақ.
Жұмбақты, жүдеу түрімен,
Шертеді бір күй бұралап.
Аяқтатып ғұмырын,
Бұлбұл құстан жыр тыңдар–
Күйік шалған түбірін,
Жылап тұр ма жыңғылдар.
Сексеуілдің сүрлеуі,
Көрінеді құм сайдан.
Жатыр адам сүйегі,
Жауын шайған, құм шайған.


Құм бетінде қарайып,
Обаяды тораңғы.
Хан мекенің халайық,
Қалай ғана тоналды ?...
Қасірет.. мұң қамалап,
Бүгіп ойға бір сырды.
Хан мекенге қарап-ап,
Түйелі қарт күрсінді.
Күрсінді де еске алды,
Ата жұрттың гүл шағын.
Қайталады ескі əнді ,
Есті желмен мұң-сарын...
* **
Ұжымақтың ордасы,
Алтын буын жалатқан.
Осы құмның ортасы,
Аумайтын-ды жəннаттан.
Тəңірім өз қолымен,
Жасағандай əдейі.
Байлығымен, қорымен,
Асып туған тəлейі.
Жаралғалы жасыл жəй,
Қанша ғасыр жылжыды.
Айтып тұр-ау, жасырмай,
Тораңғысы, жыңғылы.
Тегін кетсең қуалап,
Тарихың бар табатын.
Айналасы құм алап,
Құс қанаты талатын.


Мынау, қадым заманда,
Көк желекті көктемде.
Құм үстінен əмəндə,
Құс елі ұшып өткенде–
Құс аузынан жасыл ніл,
Құм далаға тағы да,
Өсті ме екен асыл гүл
Атты ма екен таң мынау?!
Əлде ешкімге көрінбей,
Бір алапат сел келіп.
Өсімдігін өрімдей,
Кеткен шығар сонда егіп.
Құс ұшып та жете алмас,
Құмда түскен ізді көр.
Ірге тепкен ең алғаш,
Осы жерге біздің ел


Бөрісі мен бөгені,
Бірге өретін қорадан.
Бабалардың мекені,
Қоңыр-қоңыр, қоралы аң.
Қоңыр аңның төресі–
Құлан құмның құланы.
Қоңыр жердің төлі осы,
Қоңыр елмен қуанады.
Көбеген бір көктемде,
Көк иісі бұрқырап.
Түсетін-ды көк көлге,
Үйірімен шұрқырап.


Жебелей ме жетегін,
Жел үнімен жарысып.
Қоға көлдің шетімен,
Құдық жүрер жарысып.
Жібек желмен төгілер,
Жібек құйрық жер сызған.
Белдеу-белдеу көрінер,
Бедерлері белге ызған.
Ала-құла, түсті не,
Асыл тұқым құланның.
Табиғаты үстіне,
Сызылған-ау бұл аңның.
Аттырама төсімін,
Қоңыр құмды кезеді.
Қоңыр елді өзінің,
Бейнесінде сезеді.
Қоңыр құмға құмарған,
Құшырлана иіскейтін.
Қоңыр елде бұларға,
Кие бар деп тиспейтін.
Сұлулықтың əлемі,
Түгел сиған өзіне–
Қарашы, анау, демі,
Қара мойыл көзіне.
Ақ лағылдай сырғыған,
Естіп анау құм үнін.
Қос жанарға сидырған,
Бейғам, бейбіт ғұмырын.


Туылмады ауыр мұң,
Талай таңғы атты ұзақ.
Түтіні де ауылдың,
Түзу ұшып жатты ұзап...
Өзеленіп өткен күй,
Өзегіне өрт кетті.
Көтерілді өктем бір,
Жалын болып дерт кекті.
Кек аласын қоздырған,
Бебеуледі ой талай.
Момын елді тоздырған,
Обырлардың ойраны-ай!...
Туды ақыр ауы күн,
Жау іргеден ілінді.
Берекесі ауылдың,
Ыдырады, бөлінді.


Кəрінің де,
жастың да,
Жүрегінде сыр тұнды.
Ар туының астында,
Арал ауыр сілкінді.
Алмас жебе, аймауыт,
Сауыт, сайман соқтырды.
Сақадай сай сайлауыт,
Тойтарар деп соққыны.
Нажағайдай шатырлап,
Дауыл үндер жаңғырды.
Жел-жебелер шатырлап,
Түтіп жатты жал қырды.


Төнген мынау тосыннан,
Көріп сұмдық бүлікті.
Қоңыр аңдар шошынған,
Тоз-тоз болып үрікті.
Құба құмның құлағын,
Қия алмай өз мекенін.
Құба жолда қуады,
Ұға алмай не екенін.
Ақ мекенін теңейді ел,
Əріменен, жəнімен.
Ереуілдеп егейлер,
Егерлесті жəуімен.
Ай алысты ала алмай,
Мысы да əбден құрыды.
Киесі бар аралдай,
Түспей қойды құрығы.


Бебеулей ме бекер мұң,
Меңдетпесе дерт бойды.
Ата қоныс– мекеннің,
Əр тұсына өрт қойды.
Бейғам түнде бейуақта,
Періштесі үрікті.
Қызыл алау бау-баққа,
Қызыл жалын бүрікті.
Ашылды өрттің араны,
Желмен бірге желігіп.
Жалын тілі барады,
Жасыл жерді жеміріп.


Қайғының табын батырған,
Үреймен бірге жосылып.
Шыңғырған үнмен бақырған,
Күңіренді орман қосылып.
Қағынған талай қара түн,
Сұмдығын бізге ашқан ба?
Өрт шалған құстар қанатын,
Ұша алмай жүрді-ау, аспанда.
Қып-қызыл өртті қабады,
Қара аю қатты сасқанда.
Үрейлі өртке қамалды,
Бағдарын білмей басқа аң да.
Ыс-түтінге қақалып,
Тұншығып жатты құм аңғар.
Өрт жалынға қамалып,
Өртеніп өлді-ау, құландар


Сөнгендей бақыт, шырақ та,
Тұншығып арда армандар.
Шұбады мұңмен жыраққа,
Ажалдан аман қалғандар.
Өрт ішінде ащы үнмен,
Жасыл жəйі жоғалған.
Қара түннің астымен,
Қаралы көш жол алған.
Ашылмай түннің түнегі,
Үркінге түсті дала елі...
Мынау жалғыз түйелі,
Сондағы қалған бала еді.


Кетіп барып құрыдымға,
Қан кешуді көп көрді.
Жарты ғасыр қуғында,
Өгей өмір өткеріп,
Ата жұртқа асыға–
Аза жырын айтуға,
Бабалардың басына,
Аят оқып қайтуға,
Асыл тегін жоғалған,
Іздеп дегдар арысын,
əдейі бір жол алған,
аруақ үшін, ар үшін!
Тауқыметке төзіп ең,
Көшкен күйін мұңлы елдің–
Көрген түгел көзімен,
Құланы тұр құм белдің.
Серігіндей көне бір,
Көзіне оттай басылды.
Құлан үшін көре біл,
Ақ мекені– асыл-ды.
Құрымапты-ау, мекеннен,
асыл тұяқ– құланым.
Бақытты да екем мен–
деп қария қуанды.
Кəрін төккен кенеттен,
Кəрі қайың қаралы.
Ақ бас атан кенеттен,
Үдірейе қарады.


Кəрі қайыңның түбінен,
Ажал тағы қайтқан ба?
Ғұмырынан түңілген,
Құлан жатыр қақпанда.
Қанша биік атылып,
Бұлқынды екен қанша уақ.
Дымы құрып ақыры,
Жығылған-ау, қансырап?!
Жүрегін мұң пышақтап,
Таусылды ма шыдамы?
Құлан басын құшақтап,
Жылады қарт жылады.
Көздерінен– серкенің,
Өзін көрді сүйікті ұл.
Қос тағдырдың суреті,
Қос жанарға сиып тұр.
Тағдыры бір өзімен,
Айтты ішінен ақ тілек.


Мөлтік ғұмыр көзінен,
Тамғалы тұр мөлтілдеп.
Теңдесі жоқ əлемде,
Қандай ғұмыр оятқан.
Шығарды əйтеуір, əреңге,
Қақпан тісін аяқтан.
Өлімге өзін табыс қып,
Не болғанын ұға алмай.
Құм тағысы талықсып,
Ұзақ жатты тұра алмай.


Осы ма деп ғұмыр тек,
Қарт егіліп отырды.
Əлде қалай күбірлеп,
Аятын да оқыды.
Əй, адам-ай, көзіңмен,
Құм дүлдүлін көр ашық.
Барады əрең төзіммен,
Қан тұяқпен мөр басып.
Соры ма, əлде бағы ма,
Үрей– үміт қамайды.
Мөлтек көзін тағы да,
Артына ауыр қадайды...
Құба құмның бетінен,
Құла сағым жүр ойнап.
Құба құмның шетінен,
Құлан нені тұр ойлап?!
Ғұмыр сырын құпия,
Жанарына жасырып.
Құмына тек құт ұя,
Тұрғанын-ай, бас иіп.
Зорға үзіліп жетеді,
Қарт өксігі жел шашып.
Сағыныш– мұңын жетелі,
Жатқандай туған жерге ашып.
Қыбыла жақта қызарып,
Күн батуға таяды.
Көлеңкелер ұзарып,
Күңгірт рең тарады.
Бəз-баяғы қу қайғың,
Құм ішіне тұншықты.
Өзегінен қурайдың,
Өзеленіп күй шықты.


Тыңдап тұр ма күйді өзі,
Құба жонның құланы.
Қанталап-ақ, күн көзі,
Ұясына құлды.





Пікір жазу