БІР ЖҰП ТАЛ
Сұсты тұман сайтандай жалдап қырат,
Бұлт қабаты қызыл от жатты атқылап.
Домалатты көк толқын тас, дөңбекті,
Жұтатындай ғаламды жалмап бірақ.
Қасірет шаққандай дана сырғып,
Жабырқау тартты осылай дала сұрғылт.
Толқындар аш бөрідеи тік шапшиды,
Жұп талға жағадағы аласұрып.
Бетінен күміс судың азайып нұр,
Теңізде дауыл тұрды ғажайып бір.
Тұс-тұстан асау толқын соқса-дағы,
Егіз тал жағада əлі қасқайып тұр.
Дегендей-ақ, күл болып бір құласын,
Толқындар шегініп кеп ұрды басын.
Бірақ та құлады өзі екпетінен,
Жая сап құм-қайранға құр құлашын.
Дəніккен құмайдайын сұрша қанат,
Соқты-ай, кеп ауыр дүре су сабалап.
Күйзеле теңселеді, анда-санда,
Сүйкімді жапырағынан шық домалап.
Мəңгілік бір болуға жанын қосқан,
Қос ғашық емес пе осы бауыр басқан.
Тынымсыз діріл қаққан жапырағы,
Тұрғандай баян етіп жайын бастан.
Бауыздар қан шығармай семсер іліп,
Ерекше дауыл күшін еңселі ғып.
Біреуін қырқып түсті қапияда,
Қатігез алып дене– сең соғылып.
Кім білген мұндай дүлей ‹‹жыны›› барын
Əкетті аялдатпай жұлып ағын.
Тілсіз жау тістелесіп мешкейлікпен,
Шолады мойнын созып жиі маңын.
Көктеммен жапырақ жайған бірге күліп,
Шынымен өшкені ме іргелі үміт.
Толқынмен ұмар-жұмар ару дене,
Бара жатты бір шығып, бір көміліп.
Жапырақтар кілкіп жүр шыр айналып,
(Өң беріп тұрушы еді шырайға анық).
Жылтылдап сырғадайын, о, шіркін де
Сүңгіді иірімге шұбай барып.
Тірлігі үзілгендей қуған үміт,
Сыңар тал сұмдық жəйді тұрған ұғып.
Тастай ма ол дағы өзін нар толқынға,
Қыршын жанын махаббат құрбаны ғып.
Аспанда ажал отын бұлттар жағып,
Жəй оғы түсті кенет мың парша ғып.
Бейбақ тал зар илеген шашын жайып,
Сынып кетті ‹‹жүрегін›› мұң-зар шағып.
Толқындар өңмеңдетіп қас дауылын,
Қанша рет арнасынан асты адуын.
Сонда да алып қалды жер қабаты,
Жасырып қос ғарыптың жас тамырын...
Жатқандай ізінен нақ жыр шұбатып,
Өмір-ай, бір күлдірген, бір жылатып.
Тағы да гүл көктемде келеді əне,
Жас өркен сол тамырдан бүршік атып.