16.09.2022
  305


Автор: Тəпей Қайысханұлы

ТҮН

Арманның ару құсы аппақ,
Айнала ұшып төбемнен.
Қап-қара түнді құшақтап,
Табыстым тағы өлеңмен.
Қар-қара түннің хаты анау,
Ойыңмен оқып көр енді.
Сөйтсе де ауыр батады-ау,
Ұқсату түнге өлеңді.
Жалынмен көкке бірге ары,
От құйрық зымыран зырлады
Айтқандай сырлы бір хабар,
Тізіліп көкте тырналар,
Мұңлы күйге орап даланы,
Сұңқылдай ұшып барады.
Лəззəтін жатсақ ұрлап біз,
Алқынып алыс қашпайды.
Түн деген тірі жұмбақ қыз,
Жұмған аузын ашпайды.
Қап-қара нұрға боялған,
Қап-қара шашын тарайды.
Ұйқыдан əзер оянған,
Қап-қара көзін қадайды.
Қадаған көздің түбінде,
Қағынып жүрген ғұмыр бар.
Шығармай сөйлер үнін де,
Таусылып болмас күбір бар.
Күлкі бар, үнсіз жылау бар,
Түн қанаты жасырған.
Жұлдыздан қалың сұраулар,
Түседі күшті жасыннан.
Ұмыттырар азапты,
Сағыну мен аңсау бар.
Түн құшағы– лəззəтті,
Түн ауасы ақ саумал.
Буындары босап бар,
Махаббаттың дертінен.
Қосылмаған қосақтар,
Қосылады еркімен.
Айта алмаған сөздерде,
Ақтарылып кетеді.
Өзі тұр ғой өзге елге,
Ақ жазылып жетеді.
Тіл келмейді түн деуге,
жігіт меилі, қыз меилі.
түйілісіп көздерде,
Өз керегін іздейді.
Кемпір-шал да жəй жатпай,
Жақындатып жастығын,
Балаларға байқатпай,
Кеңеседі жас күнін.
Түн көрпесін ораса,
Түйе аласың түйінді ой.
Түн деген бір оңаша,
Тек өзіңнің түнің ғой.
Өтіп жатса араңда,
Құшақтасу мен қауышу,
Мүмкін емес адамға,
Түн лəззəтін тауысу.
Білесің бе, досым-ай,
Тиер күннен шапағат.
Түн дегенің осылай,
Тұнып тұрған махаббат!
Қара шашын төгілткен,
Қара нұрға малынған.
Қас сұлудай көрдім мен,
Түн тəңіріне табынам.
Қап-қара таудың түбінде,
Қап-қара тонға оранған,
Бір дүбір естіп түнімен,
Күбірлеп барып оянғам.
Сол таудың бүтін етегі,
Ертеңі еді-ау, ертегі.
Жиылып түнде бір үйге,
Тыңдайтын еді-ау, ел, тегі.
Сол тауда, я, осында,
Ғасырға жуық қарайып,
Отырған анау қосында,
Шежіре бар-ау, қалайық.
Қай бір түнде қаласаң,
Хикаяға қал ұйып.
Қара кемпір, қара шал,
Тірі отырған тарих.
Ел жиылса асыға,
Қара қос та кеңейіп,
Оған бола асы да,
Қалмайтын-ды кемейіп.
Қара тудың түбінен,
От жылтылдап түнімен,
Тербелетін түн əлем,
Қара шалдың үнімен.
Бəсіре ғой тіл қатқан,
Жаза білсең жарадың,
Қазына ғой түн жатқан,
Қаза білсең, қарағым.
Тұңғиықтау түн неге,
Түбі терең теңіз бе?
Тарих бар түнде де,
Түнде жортқан ел ізде.
Біліндірмей дұшпанға,
Көшетін ел түн жастап.
Сонау сойқан тастарға,
Түн ойыңды жүр бастап.
Суарылған ащы умен,
Қап-қара ғой түнгі рең.
Қара түннің астымен,
Қаралы көш ілбіген.
Жапырыла үркердей,
Қан төгісте кешегі,
Ақ боз атпен үркерді,
Бағдар еткен деседі.
Қара түнге қадалам,
Қара түнде сүйікті.
Қаралы күй, қаралы əн,
Қара түнге сіңіпті.
Түн тағдырдың жаршысы,
Шықпағанмен көрініп.
Тарихымның жартысы,
Түнде жатыр көміліп.
«Адам түндежасырып,
Əлде кімді соттайды.»
Адам түнде ашынып,
Əлде кімді боқтайды.
Адам түндежауыз нақ,
Алал емес керегі.
Адалдықты бауыздап,
Арамдыққа ереді.
Дақ келтіріп құнына,
Оққа байлап достарын,
«Адам түнде құпия,
Жасайды екен жоспарын...»
Қашан сынар екен деп,
Қара шөлмек– қара түн.
Қара түнді мекендеп,
Қастық қанат қағатын.
Жол баса ма бір күдір,
Туа ма əлде ауыр күн.
Озандатып түнде ұлыр,
Иттері де ауылдың.
Қалғып барып көз ілген,
Қойшыдан да сыр ұқтым.
Бөрілердің көзінен,
От ұшады сұмдықтың.
Жыртқыштың заңы басқарақ,
Жолына суық өлімнің.
Баспалап жүріп баспалап,
Мүжиді басын момынның.
Көрінбей əрін түнгі іздің,
Тұрады иттері əлі ұлып.
Қап-қара шашы түн қыздың,
Жатады қанға малынып.
Қара аюдың дауысы бар,
Қара түнде заманның.
Сілкініп тұрған тау шығар,
Түршігіп мынау зауалдан.
Айласын сұмның қолданған,
Көре алмай тұрып түрі-түсін
Қан соқта болған орманнан,
Естиік үкі күлкісін.
Ілбіс тағы түн жастап,
Қан сорған шаян тілімен.
Жемтіктің иісі жүр бастап,
Түлкілер елін түнімен.
Жарғанат қағып қанатын,
Өзінше маңын шалады.
Оның да шөлі қанатын,
Сəт туды білем шамалы.
Кеудеңді тұрсаң түнге ашып,
Жаныңды езер мұң шырмап.
Естіледі екен түнде ашық,
Байғұздың үні сұңқылдап.
Қорқамын өзді-өзімнен,
Жатқандай бір түн ішінде.
Жұлдыздың өткіз көзімен, Жыр жаздым түннің ішінде.
Мойында, жаным, мойында,
Өртенген түнде көңіл бар.
Өртенген күннің бойында,
Өзгеше біткен өмір бар.
Бұза алмай жүріп түн торын,
Шығалам қайтып көңілден.
Аударып болмай түн томын,
Өтемін мен де өмірден.
Ілінер емес көзім де,
Етегі жырдың түрілмей.
Малтығып жүрмін сезімге,
Араптың «Мың бір түнінде».
Ағарып аспан беті жай,
Ақ сəуле төкті үлбіреп.
Келеді туып кетік ай,
Шағына берме мұң жүрек.
Құпия сырын бар түннің,
Жұлдыздар ғана жаттайды.
Əйтсе де мынау əр түннің,
Жыр шамын ашықжақпайды.
Жылыстап əне төбемнен,
Үркер де ауып барады.
Үркердей мынау өлеңмен,
Жанымның дерті тарады.





Пікір жазу